Енді жүргізушілер медициналық анықтаманы eGov Mobile қосымшасынан ала алады

Жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін 073/е нысанындағы медициналық анықтаманы енді eGov Mobile мобильді қосымшасында алуға болады. Бұған дейін бұл қызмет eGov.kz порталында рәсімделетін.
Алматы, NEGE. Іске қосылған күннен бері қазақстандықтар 7 мыңнан астам анықтама рәсімдеді.
073/е нысанындағы медициналық анықтама – көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын барлық жүргізушілер үшін міндетті құжат.
Бұрын азаматтар анықтаманы тек қағаз түрінде, терапевт, психиатр-нарколог, офтальмолог және отоларинголог мамандарынан медициналық тексеруден өткеннен кейін ғана ала алатын.
eGov.kz порталында қызмет іске қосылғаннан кейін бұл процесс айтарлықтай жеңілдеді – пайдаланушылар медициналық тексеруден өтіп, электрондық үкімет порталында өтінім берген соң анықтаманы электронды форматта рәсімдей алатын болды.
Қызметті пайдалану үшін:
• eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту қажет;
• «Қызметтер» – «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдау керек;
• «№ 073/е нысан бойынша медициналық анықтама беру» қызметін таңдау қажет;
• өтінімге Face ID/Touch ID арқылы қол қою қажет.
Өтінім жіберілгеннен кейін анықтама пайдаланушының Жеке кабинетінің тарихында PDF форматында қолжетімді болады. Құжат оны алған сәттен бастап бір жыл ішінде жарамды.
Жаңартылған функционал ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.