24 Мамыр 00:56
...

Енді жеке қаражатқа түсірілген фильмдер де прокат алдында сараптамадан өтеді

Мәдениет министрлігі
Фото: gov.kz

Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақфильм» киностудиясы және Ұлттық киноны қолдау орталығы өкілдерінің қатысуымен отандық киноиндустрияны дамыту тақырыбында брифинг өтті.

Алматы, NEGE. Жыл соңына дейін алты кино жоба, оның ішінде анимациялық және деректі фильмдер жарыққа шығарылады. Негізгі басымдық — жас режиссерлерді, авторлық кино мен анимацияны қолдауға беріледі.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кинематография басқармасының басшысы Ғани Мұратовтың айтуынша, анимация — мәдени дамудың маңызды бөлігі. Осы саланы қайта жандандыру мақсатында «Қазақанимация» бөлімін Астана қаласына көшіру туралы шешім қабылданған.

«Бәрімізге мәлім, инновациялық технологияларды енгізу мен креативті жобаларды қаржыландыру үдерістері елордада қарқынды жүріп жатыр. Астанада жыл сайын ТМД елдерінің гик-мәдениет фестивалі – Comic Con өтеді, Креативті индустриялар қорын құру жоспарлануда. Сондай-ақ, елордада «Хабар», «Қазақстан» телеарналары мен балалар мен жасөспірімдерге арналған жалғыз мемлекеттік арна – «Балапан» орналасқан. «Қазақанимация» осы инфрақұрылым мен ресурстарды тиімді пайдаланып, анимация саласын дамытуға тиіс», — деді Ғани Мұратов.

Кейінгі алты жыл ішінде министрлік пен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 117 кино жоба жүзеге асырылған. Саланы жүйелі дамыту мақсатында 2024 жылы кино жобаларды іріктеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді авторларға басым тақырыптар ұсынылып, сценарий жазуға екі ай мерзім беріледі. Патриотизмді, адамгершілік пен руханиятты насихаттайтын тарихи фильмдерге ерекше назар аударылуда. Сараптамалық кеңестің қарауынан кейін жобалар питчинг — ашық қорғау кезеңіне өтеді.

«Биылғы іріктеудің бірінші кезеңіне 444 өтінім келіп түсті. Олардың 357-сі Сараптамалық кеңеске жолданды. Кеңес жобалар тақырыбының өзектілігіне, сценарий тұжырымдамасына, драматургиялық құрылымына және кейіпкерлер бейнесінің ашылуына ерекше назар аударды. Нәтижесінде 128 жоба екінші кезеңге өтті. Бүгін осы брифинг аясында ресми түрде хабарлаймын: маусым айында өтетін питчингке 99 кино жоба жолдама алды», — деді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Сонымен қатар, «Қазақфильм» киностудиясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Түскен табыстың артуы мен шығындарды оңтайландыру нәтижесінде киностудия 2024 жылы соңғы жеті жылда алғаш рет өзін-өзі қаржыландыру деңгейіне жетті. Сондай-ақ соңғы 15 жыл ішінде алғаш рет студияда күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

2024 жылы «Қазақфильм» қамқорлығымен «Еуразия» халықаралық кинофестивалі қайта жанданды. Мемлекет қаржысы есебінен төрт фильмнің түсірілімі аяқталды, тағы екі жоба коммерциялық негізде жүзеге асты.

«Мемлекет басшысы биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі. Бұл өзгерістерге жеке қаражат есебінен түсірілген фильмдерді қоса алғанда, прокат алдындағы сараптамадан өткізу мәселелері кіріп отыр», — деді Ғани Мұратов елордада отандық фильмдер тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында.