8 Қазан 10:20
...

Енді сен ие бол. Еураолигархтар НЕГЕ Қазақстанды балаларына қалдырды?

Муниса
Фото: Фото: Nege.kz

«Еуразиялық үштік» атанып кеткен олигархтар триосы – Машкевич, Шодиев пен Ибрагимов (Мұқадасқан Ибрагимова арқылы) аренадағы орындарын босатып, барлық активтерін басқаруды балалары мен сенімді адамдарына тапсыруда. Фаттах Шодиев пен марқұм Алиджан Ибрагимов бұл процесті аяқтап қойған болатын. Александр Машкевич биылғы жылдың соңына дейін істі реттемек.

Осы аптада олигарх Фаттах Шодиевтің қызы Муниса Шодиева «Еуразиялық банктің» директорлар кеңесіне кірді. Кеңесті әлі күнге дейін Александр Машкевич басқарып отыр. Одан бөлек кеңеске марқұм Алиджан Ибрагимовтың баласы Шухрат Ибрагимов, осы аптадан бастап Муниса Шодиева, тәуелсіз директорлар Виталий Репей мен Арман Нұрышев мүше.

«Биылғы жылдың соңына дейін Александр Машкевич «Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесінің төрағалығынан кетеді. Тура «ERG Sarl» корпорациясындағы сценарий бойынша Машкевич өз орнын Эдуард Сурлевичке беруі мүмкін», – дейді NEGE дереккөзі. Сурлевич көп жылдан бері Машкевичтің сенімді көмекшісі әрі орынбасары болып келеді.

Сурлевич
Фото: Dalle

Қазақстандағы банкті бақылап отыруға кіріскен Муниса Шодиева кейбір ақпарат бойынша Бельгияның азаматы көрінеді. Бірақ көп жылдан бері Лондонда тұрады. Оның негізгі бизнесі – брендтік киімдер. Муниса Шодиева бай әйелдердің киімдері мен аксессуарларын температурасы бақыланатын қоймада сақтау қызметіне маманданған «Vauit» компаниясын құрған. Оның клиенттері арасында Виктория Бекхэм мен Гвинет Пэлтроу сияқты жұлдыздар бар. 2014 жылға дейін Муниса Шодиева Лондонда әкесінің компанияларында жұмыс істеп, ENRC-де инвестициялар және қоғаммен байланыс жөніндегі директор қызметін атқарған.

Қазір Муниса бақылап отыратын қазақ банкі тәуір кіріс әкеліп отыр. «Еуразиялық банк» АҚ қаржылық тобы 2023 жылдың қорытындысы бойынша өз капиталын бір жарым есеге ұлғайтып, 304 миллиард теңгеден асырған еді. 95,4 миллиард теңге таза пайдаға ие болды.

Отчет
Фото: "Еуразиялық банк" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

Еуразиялық банктің тобына банкпен қатар «Еуразиялық жоба-1» ЖШС және «Еуразиялық жоба-2» ЖШС еншілес кәсіпорындары кіреді. Осы топты «Еуразиялық қаржы компаниясы» акционерлік қоғамы басқарады. Тиісінше, еуразиялық олигархтар үштігі осы басқарушы акционерлік қоғамның тең үлесін ұстап отыр.

Александр, Фаттах пен Алиджан кетсе де, Машкевич, Шодиев пен Ибрагимовтар кетпейді. Олардың орнын ізбасарлар басуда. Ал бұлар Қазақстанда иелік етіп отырған активтерін сатуды жоспарлап отырған жоқ.