9 Шілде 15:44

Мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға, букмекерлік кеңселерге, казиноларға баруына заңды түрде шектеу қойылады

Құмар ойын
Фото: Фото: из открытых источников

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Алматы, NEGE. Президент ойынға тәуелділікпен күресу бойынша жүйелі жұмысты жолға қоюды, кешенді жоспарды және тиісті заңды қабылдауды жеделдетуді тапсырған болатын. аталмыш заңнамаға қатысты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Налқожа фейсбук парақшасында пікір білдірді. 

«Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдады, соның ішінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне де. 100-ден астам түзетулерді депутаттар енгізді.

Енді өзін-өзі шектейтін тұлғаларға арналған заң ойын бизнесіне қатысуды өзін-өзі шектеудің ең жоғары мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтты. Сондай-ақ, борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге қосымша тыйым салынды, олардың саны шамамен 3,5 миллион адам.

Енді мемлекеттік қызметкерлерге кез келген құмар ойындарға букмекерлік кеңселерге, казиноларға және онлайн казиноларға заңды түрде шектеу қойылады. Заңның маңыздылығының бірі – 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады, букмекерлік кеңсенің немесе бәс тігу дүкенінің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде орналасқандарды қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің ғимараттарда, көліктерде сыртқы жарнамасына, спортшылардың жабдықтарында тыйым салынады.

Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған. Сонымен бірге, енді онлайн-казино ұйымдастырушылары екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деп жазды депутат.