Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің істі болғаны рас па?

Бірер күннен бері «Алматы облысында шенділердің жаппай ұсталып жатқаны» туралы ақпарат әлемжелінің түңлігін желпілдетіп тұр. Талғар ауданының әкімі, одан кейін облыстық білім басқармасының басшысы ұсталғаны белгілі болған. Іле-шала Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің істі болғаны туралы дерек шықты.
Оқиғаның мән-жайын білмекке Nege.kz тілшісі Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне хабарласқан болатын.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі бұл жағдай бойынша нақты ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
«Бұл туралы біз сіздерге ештеңе айта алмаймыз. Себебі, бұған агенттік жауап береді. Ол ақпарат қайда бар? Бізге сілтемесін жібере аласыздар ма?», – деп әкімдік қызметкері тілшімізге қолқа салды.
«Тарап жатқан ақпаратты растайсыздар ма, әлде теріске шығарасыздар ма?» деген нақтылау сауалымызға: «Жоқ, дәл қазір белгісіз. Ол жағдайға қатысты ештеңе білмейміз», – деп жауап қайтарды.
Ал дәл қазір әкімнің қайда екенін сұрағанымызда: «Әкім қазір жұмыста. Бүгін ол кісінің қорытынды есебі болды», – деп мәлімдеді.
Аудан әкімі Қ.Қашқымбаев
Дәл осы сауалымызды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне де қойған едік, «Дәл қазір қолымызда ондай ақпарат жоқ, кейінірек хабарласыңыздар», – деген жауап алдық.
Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты тараған әңгіменің рас-өтірігін анықтау үшін Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысына да телефон шалдық. Баталовтың баспасөз хатшысы әдеттегідей телефон тұтқасын көтермеді.
Естеріңізге сала кетейік,Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев 2020 жылдың шілде айында Алматы облысы әкімінің бұйрығымен, президент әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың келісімімен тағайындалған.