USD
USD
USD

Еңбек нарығына жүргізілген аудит кезінде 471 млн теңге қаржылық бұзушылық анықталды

Қазақстанда еңбек нарығын реттеу, оның ішінде еңбек көші-қоны мен халықты жұмыспен қамту саласына жүргізілген мемлекеттік аудит бірқатар жүйелі кемшілікті анықтады. Атап айтқанда, аудиторлар 471 млн теңге қаржылық бұзушылық пен 519 млн теңге қаражаттың тиімсіз жоспарланғанын тіркеді.

Аудит қорытындысына коллаж
Фото: ЖИ арқылы әзірленді

Астана, NEGE. Жоғары аудиторлық палата 2023 жылдан бастап 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңді қамтыған тексеру қорытындысын жариялады. Аудит нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста қаралды.

Аудит мәліметінше, 2023-2025 жылдары жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 239 мың адамға артып, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,6%-ға төмендеген. Дегенмен еңбек нарығын мемлекеттік реттеу, кадрларға сұранысты болжау және жұмыспен қамту шараларын ұйымдастыруда бірқатар мәселе бар екені анықталды.

Мәселен, 2025 жылы жұмыспен қамту шараларына бөлінген 163 млрд теңгеден астам қаражаттың 89%-ы субсидияланатын жұмыс орындарына бағытталған. Ал кәсіптік оқытуға небәрі 2% бөлінген.

Бұдан бөлек, еңбек ресурстарына сұранысты болжау әдістемесінде кемшіліктер бар екені анықталды. Қоныс аударған азаматтардың жұмысқа орналасуы мен жаңа өңірде тұрақтап қалуы толық бақыланбайды.

«Соның салдарынан аталған шаралардың ұзақ мерзімді әсері мен бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалау қиынға соғады», – делінген палата хабарламасында.

Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды және пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Аудиторлар ақпараттық жүйелер мен ведомствоаралық деректер алмасуда да бірқатар кемшілікті анықтаған. Ұлттық біліктілік жүйесі мамандарға қойылатын талаптарды уақытылы жаңарта алмай отыр, ал платформалық жұмыспен қамтуды есепке алу мен реттеу тетіктері толық қалыптаспаған.

Тексеру нәтижесінде 476 рәсімдік бұзушылық пен 91 жүйелі кемшілік тіркелгені мәлім болды.

Қазір оқып жатыр

ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын жаңа жүйені сынап жатыр

Айжан Аймағанова

Алматыда бес адамның өмірін жалмаған өрт: қала әкімдігі мәлімдеме жасады

Оқиға орны

АТБ банкінен 3 миллиард рубль дивиденд. Назарбаев НЕГЕ инвестициясын қайтара бастады?

АТБ

Жезқазғанда 20 жыл бұрын болған атышулы кісі өлтіру ісіне күдікті Түркияда ұсталды

Витта Махмаханов