Еңбек министрлігі зейнетақыға байланысты ақпаратты жоққа шығарды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаңтар айына арналған зейнетақылар желтоқсанда мерзімінен бұрын төленбейтінін хабарлады.
Астана, NEGE. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған «2026 жылғы қаңтар айының зейнетақы төлемдері 30 желтоқсанға дейін өсімді ескере отырып, мерзімінен бұрын аударылады» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу бекітілген кестеге сәйкес жүргізілетінін хабарлаймыз. Индексацияны ескере отырып, қаңтар айының зейнетақы төлемдері алушыларға 2026 жылдың қаңтар айында аударылады», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Министрлік желтоқсан айына арналған төлемдердің толық көлемде есептелгенін атап өтті. Сондай-ақ, азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтіп, жеке деректерін жарияламауға кеңес берді. Ресми ақпарат тек SMS арқылы 1414 нөмірінен немесе министрліктің ресми сайттарынан хабарланады.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы қазақстандықтардың зейнетақылары 10%-ға өсетінін хабарлады. Бұған бюджетте қосымша 887 млрд теңге қарастырылған.