USD
USD
USD

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер: Еңбек министрлігі маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары мемлекеттің қорғауында қалады. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.

ақша
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Сондай-ақ министрлік өкілдері Ұлттық банкпен және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірлесіп зейнетақы жинақтарын қорғаудың неғұрлым тиімді әрі ашық моделіне кезең-кезеңімен көшу процесі жүріп жатқанын хабарлады.

«Әлеуметтік кодекске сәйкес, мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Кодекстің 217-бабында БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) нақты енгізілген сомасының сақталуына мемлекеттік кепілдік заң жүзінде бекітілген. Осы норма өзгеріссіз сақталады», – делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ Еңбек министрлігі 2027 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен салымшыларға инфляция деңгейіндегі айырманы біржолғы өтеуді көздейтін бюджеттік кіші бағдарлама оңтайландырылатынын атап өтті.

Бұған қоса, 2026 жылғы қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа тәртібі күшіне енетіні ескертілді. Негізгі өзгеріс – бұрын қолданыста болған шектеулердің толықтай алынып тасталуы. Егер осыған дейін салымшылар жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) зейнетақы активтерінің 50%-ынан аспайтын бөлігін ғана сенімгерлік басқаруға бере алса, енді бұл шектеу толығымен жойылады.

«Азаматтарға жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға беру құқығы ұсынылады. Осылайша, қазақстандықтар өз қаражатын басқаруда толық таңдау еркіндігіне ие болып, тәуекелі төмен немесе жоғары табысты инвестициялық стратегияны өз қалауынша таңдай алады», – деп түсіндіреді министрлік өкілдері.

Бұл ретте жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға қатаң қаржылық жауапкершілік жүктелетіні және теріс инвестициялық нәтиже туындаған жағдайда айырманы олар өз капиталы есебінен өтеуге міндеттелетіні атап өтілген. Оларға меншікті капитал көлеміне (кемінде 1,9 млрд теңге немесе 440 мың АЕК) және қызмет тәжірибесіне қатысты жоғары талаптар қойылмақ.

Консервативті инвестициялық тәсілді таңдаған салымшылар үшін негізгі басқарушы бұрынғыдай Ұлттық банк болып қала береді. Ұлттық банктің зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етуі Әлеуметтік кодексте бекітілген. Сондай-ақ орталық банкке 2028 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар аясында зейнетақы активтерінің табыстылығын инфляция деңгейінен кемінде +1 пайыздық тармаққа арттыру міндеті жүктелген. 

«Бұл ретте активтерді инвестициялау жоғары деңгейдегі әртараптандыру қағидаттарына сәйкес, сапалы шетелдік қаржы құралдарын пайдалану арқылы іске асырылады. Сонымен қатар валюталық активтердің үлесі кемінде 30% деңгейінде сақталады», – делінген Еңбек министрлігі таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі қолданыстағы зейнетақы жүйесін трансформациялау мәселелері бойынша жұмыс тобын құрды. Оның аясында сақтандыру құрамдас бөлігін енгізу, «4+1» моделі, еңбек өтілін 40 жылға дейін есепке алу, сондай-ақ Сингапурдың зейнетақы жүйесінің моделі сияқты түрлі тәсілдер қарастырылды.

Қазір оқып жатыр

TikTok арқылы диван сатпақ болған әйел 2,5 жылға сотталды

алаяқтық

КҚК теңіз терминалында мұнай танкеріне тағы шабуыл жасалды

танкерлерге шабуыл

Энди Бернем Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі атанды

Энди Бернем

Павлодар облысы Жоламан ауылында кәріз құдығында алты адам қаза тапты

кәріз құдығы