12 Сәуір 11:47
...

Ем-шара кабинетінде антибиотик салдырған екі ер адам қайтыс болды

Тараз
Фото: ғаламтордан
Таразда ем-шара кабинетінде антибиотик салдырған екі ер адам өмірімен қоштасты. 

Алматы, NEGE. Екі адам да анафилактикалық шоктан қайтыс болған. Медициналық қызмет көрсеткен орталықтың лицензиясы болмаған. Қазір Тараздағы барлық процедцуралық кабинетті тексеру басталып кетті. 

Видеода 29 жастағы Исламбектің ем-дом кабинетіне келгенін көруге болады. Пойызда жолсерік боп жұмыс істейтін ол сапарға шығар алдында тамағын шайдырмақ болған дейді. Алайда қолында дәрігердің нұсқаулығы болмаған. Соған қарамастан, сынама жасамай, науқасқа бірден екпе салған. Антибиотикті көтере алмаған науқас ес-түсінен айырылған.

КТК телеарнасының хабарлауынша, марқұмның әкесі ұлының мезгілсіз өліміне ем-дом кабинетінің мейірбикесін кінәлап отыр. Анықталғандай, жұмыс істеуге рұқсаты жоқ мекеменің қызметкерінінде науқасқа нұсқаулық беріп, екпе салуға заңды құқы болмапты.

"Бала сол жерде 15 минуттай қиналған. Қиналған кезінде ешбір медик көмек жасамай, білгенін істеген. Бұл жерде алғашқы көмек көрсету үшін адреналин де болмаған және алғашқы көмекке препараттар да болмаған", - деді марқұмның әкесі Темірхан Үсенов

Ал ем-шара бөлмесінің иесі марқұмның өліміне "еш қатысымыз жоқ" дейді. Айтуынша, олар науқасқа қолынан келген бар амалын жасаған.

"Видеодан көргендеріңіздей, ол басында қимылдап жатқан. Алайда жедел жәрдем бригадасы уақыт өткізіп алды. Олар келе сала, ЭКГ аппартын қоя бастаған. Оның не қажеті бар? Біз оларды алдын ала антибиотикке рекция болып жатқанын ескерттік", - дейді ем-шара бөлмесінің иесі Адиля Ақылова. 

Таразда процедура кабинеттері карантин кезінде жаппай ашыла бастаған. Мамандар оның көпшілігінде арнайы лицензия жоқ деп отыр. Ал полиция департаменті екі адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.