Елордалық дәрігерлер робот-ассистенттің көмегімен 5 науқасқа ота жасады

Астанада Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТО дәрігерлері робот-ассистенттің көмегімен бес пациентке ерекше операция жасады. Оларға МӘМС аясында құны екі млн теңгеге жуық ота жасалды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Алматы, NEGE. Елордада академик Н.Ж. Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми орталығында 5 пациентке роботпен тізе ауыстыру бойынша күрделі операция жасалды. Эндопротездеудің идеясы – адамның зақымдалған буынын жасанды имплантпен алмастыру. Зақымдалған аймақтың 3D сканерлеуінің арқасында робот көмекшісі пациенттердің буынына барлық параметрді математикалық тұрғыдан мінсіз есептей отырып имплант қоюға мүмкіндік берді. Операциялар IT мамандарының қатысуымен компьютерлік навигация арқылы жасалды.
«Жақында бізде робот-ассистенттің көмегімен тізе буынын толық эндопротездеу бойынша операциялар жасалды. Робот – бұл біздің қай жерде екенімізді көріп қана қоймай әрі бір миллиметрге дейін, бір градусқа дейін құралдың орнын реттей алатын ақылды құрал, ал адам дәл ол сияқты тұп-тура көре алмайды. Нәтижесі жаман емес. Науқастар өздерін жақсы сезінеді», - деді Н. Батпенов атындағы ҰҒТО бөлімшесінің №7 травматолог-ортопед дәрігері Жұмахан Сләмов.
Қазіргі уақытта пациенттер оңалтудың 1 кезеңінен өтіп жатыр. Бір жарым айдан кейін олар орталықта қайта оңалтудан немесе тұрғылықты жері бойынша оңалтудың келесі кезеңдерінен өтуі мүмкін.