Елордалық клиника мамандары қайтыс болған адамдарды өздеріне тіркеп отырған
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары мониторинг барысында МӘМС және ТМККК қаражаттарын пайдалануда бірқатар ірі бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Медициналық сақтандыру қоры баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. Емхана 16 мың азаматты өзіне заңсыз тіркеуге қою есебінен 100 млн теңгеден асатын қызметтерді «қосып тіркеген».
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмектің сапасы мен көлемдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Қор аталған жұмысты жүргізу нәтижесінде Астанадағы жеке меншік емхана 16 мың азаматты, оның 13 мыңнан астамы – балалар, өзіне заңсыз тіркеп қойғанын анықтады. Азаматтарды тіркеу Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландыруға қол жеткізу үшін осы аталған тұлғалардың немесе олардың заңды өкілдерінің келісімінсіз жасалған.
Мұның себебі, барлық емханаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің қаражатынан оларға бекітілген әрбір тұрғын үшін айына 1 617,64 теңге мөлшерінде базалық төлем есептеледі. Бекітілген халықтың жас коэффициенті бойынша сома әрбір емхана бойынша жеке реттеледі. Нәтижесінде аталған клиника мемлекеттен әрбір тіркелген тұрғын үшін айына шамамен 1 800 теңге алып отырған.
Бұл емханаға шетелге тұрақты немесе уақытша тұруға кеткен адамдар тіркелген. Сонымен қатар Қазақстанның басқа өңірлерінде тұратын азаматтар да болды. Тұрғындардың елордалық емханаға ешқашан жүгінбегендігі, алайда медициналық қызмет алғандығы туралы 1414-тен хабарлама алып наразы болғандығы жөнінде шағымдары бар.
Кепілдік берілген төлемнен бөлек, емхана 16 мың азамат үшін нақты көрсетілмеген қызметтерге МӘМС жүйесінде төлем ұсынған. Сонымен бірге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 5-10 жыл бұрын қайтыс болғандығы тіркелген балаларға медициналық қызмет «көрсету» фактісін анықтады.
Нәтижесінде елордалық емхана жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 33 мыңнан астам қызметті «қосып жазған».
Аталған факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Қазіргі уақытта Астана қаласының мамандандырылған экономикалық сотында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен елордалық емхана арасында бұзушылық үшін айыппұлды қоса заңсыз алынған соманы қайтару жөнінде сот талқылауы жүріп жатыр.