Елордадағы балабақшалар қашан іске қосылады?
Елорда тұрғындарының карантин жағдайында өмір сүріп жатқанына бүгін 49-шы күн. Мамыр айы басталғалы талаптар біраз жеңілдетіліп, бірқатар мекемелердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Алдағы аптада тағы бірқатар мекеме іске қосылуы мүмкін. Оларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қалай сақталады және оны кім бақылайды? Алдағы аптада елордадағы балабақшалар іске қосылуы мүмкін. Бірақ ол кезде санитарлық талап күшейтіледі. Яғни, әрбір бүлдіршіннің қолында туған-туыстарынан ешкімнің коронавируспен ауырмағаны туралы анықтама болуы шарт. Сондай-ақ балабақшада істейтін тәрбиешілер COVID-19-ға тест тапсыруылары тиіс. Бұған қоса, нысан ішінде үш мезгіл дезинфекциялық тазалық жүргізіледі. Десе де, балабақшалар тәрбиеленушілердің барлығын бірден қабылдамайды. Нысан аумағына қарай шамамен 15 пен 25 бала ғана шақырылады.
Бұған дейін елордада бірқатар нысанның жұмыс істеуіне рұқсат етілген болатын. Барлығына санитарлық талапты сақтау міндеттелген еді. Осы ретте арнайы мамандар екі күнде 185 нысанда бақылау жүргізіп, 53-інде эпидемиологиялық талаптардың бұзылғанын анықтады. Көптеген нысандар ескерту жасағаннан кейін тез арада жаңағы бұзушылықтарды жойды. Ескертуді елемегендерге аумақтық полиция қызметкерлері айыппұл салады. Бұдан кейін де ережені бұзу дерегі қайталанса, мекеменің жұмысы мүлде тоқтатылады.