«Елорда жастары» жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді

Бұл бағдарлама жастарға жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді.
Астана, NEGE. «Елорда жастары» – қала әкімдігі мен «Отбасы банктің» бірлескен жобасы болып табылады. Бағдарламаға журналистер, дәрігерлер, спортшылар, жас мұғалімдер, мәдениет саласының қызметкерлері, ЖОО ұстаздары мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала мен коммуналдық қызмет қызметкерлері, Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері және Астана қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған жетім балалар қатыса алады.
Жобаны жүзеге асыруға Астана қаласы әкімдігі 1,5 млрд теңге, «Отбасы банк» 1,5 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаражатқа 200-ге жуық тұрғын баспаналы болады деп күтілген. Талап бойынша қарыз алушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс.
Ал әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыру жергілікті атқарушы биліктің құзырында. Өтініштер qatysu.zhilfond.kz сайтында 2023 жылдың 30 мамыры сағат 9:00-ден бастап, 6 маусым сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Авторизациядан өту үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет болады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу жұмыстары басталады. Атап айтар болсақ, үміткерлер пулы балдық жүйе бойынша есептеледі, онда еңбек өтілі, өтініш берушінің 1, 2, 3-інші мүгедектік тобына жататын-жатпайтыны ескеріледі. Пул құрылғаннан кейін қатысушыларға «Отбасы банкінен» несие алуға жолдама беріледі.
Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілеттілігін тексеріп, жылдық 5 пайызбен (ЖТСМ 5,2% бастап) жеңілдетілген несие береді. Алғашқы жарна – 10%. Елордалық жас тұрғындарға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, мерзімі – 25 жылға дейін. Оның көмегімен бастапқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-тың кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан үйден баспана сатып алуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, ел өңірлеріндегі жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отырған бұл жоба бұған дейін Алматы, Қызылорда, Семей, Әулиета, Ақтөбе, Атырау сынды қалалардың жастарын қуантқан болатын. Дәстүрге айналған игі бағдарламаға денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер,журналистика саласының мамандары, ғылыми қызметкерлер, ұлттық холдингтердің жергілікті филиалдарының, екінші деңгейлі банк қызметкерлері, құрылыс, қоғамдық тамақтану және өзге де қызмет көрсету саласының қызметкерлері қатысқан.