«Elorda Eko System»: Марсельдің моральдық келбеті қандай?
Тұрақты оқырмандарымыздың бірінен редакцияға әлдебір құжат келіп түсті. Құжатпен мұқият танысып шыққан тілшіміз назар аударуға тұрарлық кейбір жайттарды қағазға түсірді.
Әңгіме Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы ММ-не қарасты «Elorda Eko System» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Марсель Ұзақовқа қатысты.

Арызданушылар Г.Бейсембаева, А.Қасымбекова және Д.Сыздықов ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа, Нұр-Сұлтан әкімі А.Көлгіновке, әкімнің орынбасары Н.Солтанбековке өткен жылдың соңында шағым жолдайды.
Арызда Д.Сыздықов былай дейді: «2020 жылдың шілдесі мен қыркүйегі аралығында мен «Elorda Eko System» ШЖҚ МК бас директоры Марсель Алмазұлы Ұзақовтың шопыры болдым. Ол маған әрдайым психологиялық қысым жасап, ақырып сөйлейтін. Арыз жазған себебім, қызмет бабын асыра пайдаланған Ұзақовты жазалауды сұраймын. Ол кәсіпорынның балансында тұрған көлікті мақсатсыз мініп, жеке шаруасына пайдаланатын. Мен М.Ұзақов пен оның көмекшісін бірнеше мәрте түнгі клубқа апарып таңғы 5-ке дейін күтіп, клубтан кейін оларды оңашалану үшін орманды алқапқа апарып, өзін бір жарым сағат бойы далада күтіп отыратынмын. Мұндай оңашалану күн сайын қайталанатын және ешқандай жұмыс мақсатынсыз оларды қалада сенделіп тасып жүретінмін. Олар оңашаланып болған соң маған көлікті тазалауды бұйырады. Сондай-ақ ол өз ақшама, 50 мың теңгеге автотұрақ орнын сатып алуды міндеттеді.
Қызмет бабын асыра пайдаланған М.Ұзақовты жазалауды сұраймын. Ол мені ешқандай ескертусіз және себепсіз жұмыстан шығарып жіберді».
М.Ұзақов
Арызданушылардың айтуынша, «Elorda Eko System» басшысы М.Ұзақов кәсіпорынның атқарушы директоры, досы әрі көршісі Ә.Бекеновпен және кадр қызметінің басшысы Ә.Кереевамен бірлесіп, тек туыстары мен таныстарын жинап алған. Керісінше, қолайына жақпайтындарды жұмыстан қуған. «Мамыр мен қараша айларының арасында 25 адам жұмыстан кетті» дейді арызданушылар.
Бұдан әрі арызда кәсіпорында кім-кімнің туысы екенін тізіп, басшылық тарапынан жасалып жатқан бассыздықты мысал етеді.
«Арызда көрсетілген жайттарды ескере келе, қайтадан қызметтік тексеру жүргізіп, кәсіпорын басшыларын жауапқа тартуды, қызметінен аластатуды сұраймыз» дейді арызданушылар.
Арыз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сол кездегі төрағасы А.шпекбаевқа да жолданған екен. Алайда арыз жазған топ «Ұзақов таныс-тамырларын салып, тексеруді тоқтатып тастады ма деген күдігіміз бар» дейді.
Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы ММ қызметтік тексеру жүргізіп, арызданушылар айтқан жайттардың кейбірі дәлелденгенін мәлімдепті. Атап айтқанда, кадр қызметі құжаттарындағы қателік, біліктілігі сай емес адамдарды жұмысқа алу, жұмыскерлердің еңбек кітапшасының дұрыс толтырылмауы, сыйақы мен қосымша қаражаттың заңсыз төленуі, т.б.
Бұдан бөлек, дәлелін таппаған айыптауларды да тізе келе шаруашылық басқармасының басшысы Т.Кулушев кәсіпорын жетекшісі М.Ұзақовқа қатаң ескерту жариялап, кадр қызметінің басшысы А.Керееваның атқарып отырған қызметіне сай ма, жоқ па деген мәселені қарау және заң қызметінің басшысына шара қолдану туралы шешім шығарған.
Қызметтік тексеру жүргізген комиссияның алты мүшесі қол қойған құжат қолымызда тұр. Алайда онда марсель Ұзақовтың бұрынғы шопыры келтірген дәйектер қаралмағанға ұқсайды. Әлде мұндай «нәзік һәм шетін» мәселені тексеруге комиссия мүшелері ұялды ма?
Толтырған анкеталарының бірінде Марсель Ұзақов «Сүйікті кітабыңыз қандай?» деген сұраққа «Қылмыстық кодекс» деп жауап берпті. Бекер емес шығар, бәлкім...