Елорда әкімдігі: Ертең отшашу атылмайды
6 шілде – «Астана күні». Ресми мереке. 2006 жылға дейін Астананың туған күні 10 маусым өтетін. 2006 жылы бұл атаулы күн 6 шілдеге ауыстырылды. Өйткені 6 шілде – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні.
Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні Астана күнімен бірге аталып өте ме? Жуырда бұл сұрақты Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа қойғанбыз.
Министрліктің жауабы қысқа әрі нақты болды: «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен Елбасының туған күніне арналған жиындар өткізу жоспарланып отырған жоқ».
Ал енді жылдағыдай салют атыла ма? Егер атылса, оған қанша қаражат жұмсалады? Біз бұл сұрақты Елорданың әкімі Алтай Көлгіновке жолдағанбыз.
- Тақырыпқа орай: Тоғжанов Астана атауын өзгеруге қатысты пікір білдірді
Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары М.Шегебаевтан төмендегідей жауап келді:
«Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы» ММ елорда күнін атап өтуге қатысты жолдаған хатыңызбен танысып, ағымдағы жылы атаулы күн қарсаңында бірқатар іс-шаралар жоспарланғанын хабарлайды.
Елордамыздың туған күніне орай мәдениет, спорт мекемелері, қаланың шығармашылық ұжымдарынан көңілді, мерекетіл бағдарламалар қарастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтары концерттер, көрмелер, фестивальдер, премьералар және т.б. тамашалай алатын болады.
Сонымен қатар, қалада бірқатар әлеуметтік нысандардың, гүлзарлардың, қоғамдық кеңістіктердің салтанатты ашылуы өтеді.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында қалада мерекелік отшашуға қаражат қарастырылмағанын хабарлаймыз».
Сонда экс-президент туған күнін қалай және қайда атап өтеді?
«Нурсултанский соловей» телеграм-каналының жазуынша, экс-президент Н.Назарбаевқа бекітіліп берілген ұшақ кеше Түркияның «Миляс-Бодрум» әуежайына қонған. Соған қарағанда, ол туған күнін Кемер және Бодрумда атап өтуі мүмкін.
«Поскеңестік кеңістіктегі ең атақты зейнеткер біраз жылдан бері демалысын осы жерде, отбасы мүшелерімен және өзіне жақын олигархтармен бірге өткізіп жүр», – деп жазады телеграм-канал.
Елбасы мәртебесінен айырылған Н.Назарбаев биыл туған күнін өз атымен аталатын бас қалада емес, шетелде өткізбек екен. Елордада ұйымдастырылатын мәдени шаралардың Назарбаевқа қатысы болмайды. Биылғы 6 шілде Назарбаев үшін жылдағыдай аса көңілді туған күн болмайтын сияқты.
Елбасы емес Н.Назарбаев «көңілсіз туған күнге» жиналған олигархтармен бірге қандай мәселені талқылауы мүмкін? Біз бұл тақырыпты бөлек қаузайтын боламыз.