23 Ақпан 13:45
...

«Шетелде қалмаймын!» – Әлемді таңдандырған қазақ қызымен сұхбат

Ielts
Фото: NEGE.KZ

Сая Қыдырәлі – IELTS емтиханында әлемде ең жоғары балл алған Қазақстандағы жалғыз адам және ең жас сарапшы. 17 жасында әлемдік рекорд жасаған Саяның жеке өмірі мен IELTS 9.0-тың қыр-сырын тілшіміз толығырақ сұрап білді.

– Сая, ағылшын тілін қай уақыттан оқи бастадың? 

 – Ағылшын тілін 6 жастан анам үйрете бастады, өзім де іздендім. 9 жаста сабақ бере бастадым. 11 жасымда бірінші ielts-ты тапсырдым. Ондағы мақсатым – тек балаларға ғана емес, ересектерге де сабақ бергендіктен, халықаралық аккредитация арқылы білімнің жасқа қарамайтынын дәлелдегім келді. Бірақ сол кезде мен бар-жоғы 6,5 балл алып қалдым. Кейін 6 жыл бойы еңбек етіп, күніне 10 сағаттап сабақ оқып, емтиханға дайындалдым. Осылай 17 жасымда әлемдік рекорд орнаттым.

ielts
Фото: жеке мұрағатынан

– Жеті жасыңда ағылшынша еркін сөйлеуіңнің құпиясы неде?

– Негізі 9,0 ұпай алған адамдардың барлығы дерлік АҚШ-та немесе Ұлыбританияда тұрып келген, сол жақта білім алған адамдар. Ал мен үшін бұл жетістіктің ерекшелігі – шетелде болған емеспін, бәрін өз күшіммен үйрендім. Жеті жасымда ағылшынша еркін сөйлеп қана қоймай, сол тілде ойлана бастадым. Құпиясы қиын емес – ағылшын тіліне спорттағыдай бап керек. Қанша уақыт жұмсасаң, нәтижең сонша жақсарады.

– Оқушыларыңды қалай ынталандырасың?

– Студенттерге өте жақсы мотивация жүйесін қойдық. Егер 8,5 ұпайға жетсе, су жаңа көлік сатып алып береміз. Ал 8,0 балл алса, шетелге жолдама сыйлаймыз, 7,5 балл алса ielts тапсыру құнын төлеп береміз. Қараша айында біздің екі студентіміз 8,0 балл жинап, оларға жаңа көліктер сыйладық. Бұл маркетинг емес. Түпкі мақсат – қазақ жастарының білім дәрежесін көтеру. 

ielts
Фото: жеке мұрағатынан

– Ата-анаң рекордыңды қалай қабылдады?

– Ең жақын адамым, сырласым, қолдауым, тірегім – анам. Ең бірінші анама хабарластым. Сол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Он бір жасымда  емтиханды тапсырғым келетінін анама айтқанда: «Сая, дайындал, сенің қолыңнан келеді, мүмкін емес деген нәрсе жоқ», – деп маған қолдау көрсетті. Қандай жетістікке жетсем де, ол – анамның арқасы.

– IELTS-қа байланысты лайфхактар барма? IELTS емтиханын 20 рет тапсырғаның рас па?

– Ешқандай лайфхак жоқ. Лайфхак деген сөзбен үйрететін ұстаз ол ielts емтиханын түсінбейді. Бұл емтихан – шахмат тәрізді, оңай жеңу жолы жоқ, тек логика қажет. 20 рет емтихан тапсырғаным рас. Біріншісін 11 жасымда, 2 рет 15 жасымда, 4-рет 16 жасымда тапсырып, 8,5 ұпай алдым. Содан кейін 9,0 балл алғанға дейін қайта-қайта тапсыра бердім. Түсінгенім, ielts-та жетістікке жету үшін ағылшын тілі ғана емес, техника мен стратегия қажет. Тек осы нәрселерді өзгерткенде ғана үлкен жетістікке жеттім.

ielts
Фото: жеке мұрағатынан

– Болашақта шетелге кетесің бе? Қандай жоспарларың бар?

– Бір жылдан соң АҚШ-қа баруды жоспарлап отырмын. Маған саяси ғылым ұнайды, сол бойынша Гарвард, Йель, Принстон жоғарғы оқу орындарын қарастырудамын. Шетелде қалу ойымда жоқ, менің атымды атам «еліне сая болсын» деген ниетпен Сая деп қойған. Сондықтан АҚШ-та білім алып, алған білімімді елімнің қажетіне жаратамын. Бұл – менің миссиям!

Автор: Зере НАРБЕКОВА