Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап қосымша пән пайда болады

1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары қайта басталады. Бұл сабақтар балалардың түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет етуге қажетті практикалық дағдыларын қалыптастыруға және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауын дамытуға бағытталған.
Алматы, NEGE. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, сабақтар балабақшалардан бастап колледждерге дейін білім берудің барлық деңгейін қамтиды. Әр жас ерекшелігіне сәйкес бөлек блок әзірленген:
• балабақша — жедел қызмет нөмірлерін білу, ойын және демалыс алаңдарындағы қауіпсіздік ережелері;
• бастауыш сыныптар — судағы және мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен кездескенде өзін ұстау, қаңғыбас иттерден қорғану;
• орта буын сыныптары — буллинг пен кибербуллинг, қауіпті интернет-әуестенулер, бейтаныстардың ұсыныстарынан бас тарту, өз іс-әрекетіне жауапкершілікті қалыптастыру;
• жоғары сыныптар мен колледждер — қаржылық сауаттылық, алаяқтардан қорғану, онлайн-ойындардағы тәуекелдер, еңбек қауіпсіздігі, өз құқықтары мен міндеттерін білу, жеке әрекеттері үшін жауапкершілік.
Сабақтар әр аптада сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі және тақырыптар жылына үш рет қайталанады.
«Тәжірибе көрсеткендей, мұндай сабақтар балалардың мазасыздығын төмендетіп, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады және оларды өмірдегі, онлайн ортадағы күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Жеке қауіпсіздік сабақтары 2023–2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар аясында енгізілген.