Елімізде «Отау» ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау басталды
1 наурыздан бастап Қазақстанда жаңа «Отау» ипотекалық бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау басталды.
Алматы, NEGE. Өтініш «Отбасы банк» арқылы қабылданады. Оған 18-63 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.
Оның аясында 9 пайыз жылдық мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін алуға болады.
Бағдарламаға қатысу үшін «Баспана Маркет» порталында (otbasybank.kz) өтінім бере аласыз.
Қойылатын талап: «Отбасы банкте» 1 млн теңге көлемінде депозит болуы керек. Соңғы 5 жылда өзінің және туыстарының атында үй болмауы тиіс. Өтініш 30 сәуірге дейін жалғасады.
Алматы мен Астанада баспана сатып алу кезінде міндетті түрде осы қалаларда тіркелген болуы керек.
Ипотеканың шарттары:
- бастапқы жарна – 20 пайыз;
- несиенің ең ұзақ мерзімі – 19 жыл;
- ең жоғары сома аймаққа байланысты 18 миллионнан 30 миллион теңгеге дейін.
Өтінімдер қабылданғаннан кейін қатысушылардың тізімі банктің сайтында автоматты түрде шығады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Ұпай салым мерзіміне және ол бойынша сыйақы сомасына, тіркелген неке және балаларының болуына қарай беріледі.