20 Шілде 09:31
...

Елімізде интернет-алаяқтық 25%-ға артты

Қостанай қаласы
Фото: ғаламтордан
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға берген жауабында айтты. 

Алматы, NEGE. «Биылғы жылдың алғашқы 6 айында алаяқтықтың жалпы саны 0,7%-ға төмендеді (22 812-ден 22 644-ке дейін). Алайда интернет-алаяқтық 25%-ға артты (9 936-дан 12 390 жағдайға дейін). Бұл өсім мұндай құқықбұзушылықтарды дұрыс саралауға бақылаудың күшеюі мен статистикалық деректерге жасалатын манипуляциялардың алдын алуға байланысты», – деді Берік Асылов. 

Оның айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде 30-дан астам киберқылмыстық топ анықталған, 93 дроппер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

100-ден астам азамат несиені өз еркінсіз алғаны анықталған соң жәбірленушілер тізімінен шығарылған.

«Антифрод-орталық арқылы 23 мың алаяқтық оқиғаның жолы кесілді, 1,8 миллиард теңгеден астам қаржы бұғатталды. Жәбірленушілердің пайдасына 697 дропперден 1 миллиард теңгеден астам қаражат өндірілді. 2 716 жәбірленушіге жалпы сомасы 3,3 миллиард теңгеге берілген несиелердің орындалуы тоқтатылды», – деп атап өтті ҚР Бас прокуроры.

Халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында өңірлік прокурорлар уәкілетті органдармен бірлесіп келесі: «Тоқта-алаяқ», «Кибертрон», «Интернет-алаяқтықтың алдын алу», «Кибер-қалқан. Алаяқтықпен күрес», «Кибер-волонтер», «IT TERGEU», «Абайлаңыз: алаяқ!» алдын алу науқандарын жүргізуде.