17 Желтоқсан 11:13
...

Елімізде бала күтіміне байланысты мемлекеттен қанша теңге жәрдемақы төленеді?

gov.kz
Фото: gov.kz

Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын бекітілетін айлық есептік көрсеткішке байланысты белгіленеді.

Астана, NEGE. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген.

Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар азаматтар, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.

Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын мына мөлшерде төленеді:

  •  бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
  •  екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
  •  үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.

Министрлік таратқан хабарламаға сәйкес, биыл мемлекеттік, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақылармен 535,4 мың адам қамтылған, оларға жалпы сомасы 749 млрд теңге төленген.

«Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы  асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады», – делінген ведомство хабарламасында.

Бұл біржолғы төлемнің жыл басынан бері жалпы сомасы 260 млрд теңге болған, оны 187,2 мың адам алған. Қараша айында 14,6 млрд теңге сомасында 15,3 мың адамға төленген. 2025 жылдың 11 айында тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 436 546 теңге болды.

Сондай-ақ МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы екі жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-на тең. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.

2025 жылдың 11 айында бұл төлем  392,4 млрд теңге  сомасында 223,2 мың адамға тағайындалды. Оның ішінде қараша айында 33,8 млрд теңге көлемінде 14,9 мың алушыға төленген, 1 айдағы төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 86 221 теңге.