Елімізде шамамен 800 мың бала мектепке барып жүр
Оның ішінде 550 мыңға жуық оқушы кезекші сыныптарға, қалған 250 мыңы сыйымдылығы 180 орыннан аспайтын білім ордаларына барады.
Алматы, NEGE. Бұл көрсеткіш жалпы контингенттің 24 процентін құрайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Елдегі 7 мың мектептің 3 мыңы шалғай ауылдарда орналасқан. Ол жақта да дәстүрлі формат сақтаулы. Кезекші сыныптарға бару мүмкіндігі бар 1 млн 300мың баланың тек 547 мыңы оффлайн сабақтарға қатысады. Онлайн сабақтар үшін оқушыларға 435 мың компьютер уақытша пайдалануға берілді. Мұқтаж отбасыларға тағы 300 мыңнан астам дербес құрылғы ұсыну жоспарланып отыр.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: "Балабақшадағы кезекші топтар мәселесін көктемде де байқадық. Қазір де көріп отырмыз. Қазір де келуге мүмкіндік бар десек, тек 30 пайыз ғана келіп отыр. Бұл ата-аналар осы індеттің қиындығын көріп отырып, және де біле отырып, осындай шешім қабылдап отқанын білу керек деп ойлаймын", - деді.
Жалпы, ел бойынша күніне шамамен 2 млн сабақ өткізіледі. 1 млн тапсырма беріледі. Мәселен, Kundelik.kz сайтында 700 мың баға қойылады. Платформалардың орташа қаралымы – 70-80 млн. Бұл жұмыстарға 500 мыңнан астам мұғалім жұмылдырылды. Кибергигиенаны сақтау мақсатында Dos-шабуылдарға қарсы төтеп беріп келеміз. Қайткен күнде де білім беру сапасының деңгейін түсіріп алмауымыз керек деді министр.