28 Тамыз 19:05
...

Елімізде қайырымдылық жасаушыларға арналған сайт ашылады

Фото:

Қазақстанда қайырымдылық жасау мәдениетін насихаттауға және арттыруға шақыратын «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты насихаттау» жобасы басталды.

Алматы, NEGE. Жоба Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты шеңберінде іске асырылады.

Жобаның әлеуметтік желідегі @amal2020kz парақшасы мен танымал блог-платформаларда ұйымдастырушылар мұқтаж жандарға көмек көрсетететін коммерциялық емес ұйымдар, қазақстандықтардан тұратын қайырымдылық жасаушылар, көрсетілген көмектің арқасында тығырықтан шығар жол тауып, алға қойған мақсаттарына жету жолында табысқа кенелген жандар туралы әңгімелейді.

Бүгінгі таңда жоба ұйымдастырушылары БҰҰ ұлттық волонтері Данара Саранова, «Жарасым» республикалық жастар ұйымының жетекшісі Тимур Жұмырбаев, Қазақстан Дизайн академиясының вице-президенті Қайролла Әбішев және Көмек көрсету орталығының жетекшісі Максим Беляков сынды Қазақстандағы жас көшбасшылар және қоғамдық белсенділермен онлайн-кездесулер өткізді. Тікелей эфир қонақтары қайырымдылық саласындағы тәжірибелерімен, адамдарға көмек көрсетудегі машықтары және тәсілдерімен, сондай-ақ мейірімді жандардан қажетті көмекке қол жеткізген адамдар мен оқиғалар туралы қызықты уәждемелік әңгімелерімен бөлісті.

«Жақында жоба аясында Амал2020.kz сайты іске қосылады, ол жерде әртүрлі бағыт бойынша көмек көрсететін қазақстандық коммерциялық емес ұйымдар туралы ақпарат ұсынылатын болады. Басқа адамдарға көмек көрсеткісі келетін жандар кейде кімге жүгінетінін білмейді немесе көмекке мұқтаж адам меценат, қайырымдылық жасаушы іздейді. Біздің платформада бұл туралы барлық ақпарат жүйеленеді. Сондай-ақ қайырымдылық туралы жалпы ақпарат жиналады, әдістемелік құрал, ұсыныстар және басқалар болады», - деп атап өтті жоба жетекшісі, «Арнау» даму орталығы» ҚБ директоры Ұлан Әбішев.

Қыркүйек айында жобаны ұйымдастырушылар жастар мен балалар арасындағы қайырымдылық туралы онлайн-дәрістер сериясын іске қосып, «Жақсылық жаса!» және кез келген адам қайырымдылық бағыты бойынша этикалық, психологиялық және жүйелік аспектілер бойынша курстан өте алатын Қазақстанның қайырымдылық жасаушылар мектебін құруды жоспарлап отыр.

Тегтер: