1 Маусым 12:12
...

Елімізде балаларды қорғау күні түрлі меркелік шаралар өтті

Фото:

1 маусым балаларды қорғау күніне орай еліміздің бүлдіршіндеріне арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Балаларға ерекше тарту болған шаралардың дені Республикамыздың түкпір-түкпірінде қолға алынған. 

Қазақстан бойынша 1000-нан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 миллионнан астам бала және олардың ата-аналары қатысады. Барлығы балалардың игілігі үшін ұйымдастырылып жатыр. Қала, аудан, ауыл көшелері бүлдіршіндеріміздің шат күлкісіне толды. Саябақтарда гала-концерттер, балаларды дамытуға арналған ойындар, бүлдіршіндердің дарынын ашатын байқаулар өтіп жатыр. Сонымен қатар, саябақтар, театрлар, спорт кешендері, мұражайлар кішкентай қонақтарды қарсы алуға дайын. 

Ерекше атап өтетін мерекелік шара «BALAFEST» балалар фестивалінің жеңімпаздарын салтаннатты түрде марапаттау рәсімі 1 маусымда өтті. Ол еліміздің бірқатар өңірлерінде жыл сайын ұйымдастырылады. «Almaty BALAFEST» фестивалі 2022 жылы алғаш рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткізілген болатын. 

Оның мақсаты да айқын. Дарынды балалардың бойындағы талантты шығарып, шығармашылығына шабыт беру. Аталмыш шара түрлі бағыттар бойынша кіл мықты, қатарынан оза шапқан өнерлі, шебер балаларды анықтайды. 

Конкурс жеті бағыт бойынша өткізілді. Олар: «Жұлдызды сәт», «Бояулар құпиясы», «Өнерлі бала», «Кітап – білім бұлағы», «Жасыл Алматы», «OpenAir Sport», «Хакатон – IT Universe». Конкурстан оқ бойы озық шыққандар фестивальға жолдама алып, шараға қатысты. 

Мектепішілік кезеңде байқауға 250 мыңнан астам бала қатысты. Ауданға 35 мыңға жуық дарынды қатысушы өткен. Соның ішінде 3 мыңнан астам оқушы іріктеліп, 1200-ден астам бала байқаудың жеңімпаздары атанды. 

Естен кетпес ерекше сәттердің бірі - жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Фестивальдің бағдарламасы балаларға арналған тірлі іс-шараларға бай болды. Балалардың ой-өрісін кеңейтетін ойындар, спорт сайыстары, шеберлік сыныптар, театр қойылымдары, көрмелер ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер мен жеткіншектер дән риза. 

Сонымен қатар балалар танымал тұлғалармен бірге суретке түсті. Фестиваль аясында мерекелік концер те ұйымдастырылды. Әр өңірден келген жеткіншектер үшін ерекше әсер алуға барлық мүмкіндіктер жасалды. 

Балаларды қорғау күніне орай еліміз бойынша ұйымдастырылған іс-шаралардан ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары тыс қалған жоқ. Оларға арналған «Мейірімділік – балаларға» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. 

Сонымен қатар балалардың бойында Отанға деген патриоттық сезімді арттыратын, таным көкжиегін қалыптастыратын түрлі челлендждер өткізілді.

1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген ауқымды шараның бірі «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты мәдени-танымдық іс-шарасы. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде өткізілді. Шараға көп балалы және аз қамтылған отбасылардан 50 бала арнайы шақырылған.

Мерекелік бағдарлама тәрбиелік бөліммен басталып, түрлі ойындармен, ән мен күймен жалғасын тапты. Сонымен қатар, жас қонақтарымыз музей кинотеатрында анимациялық фильмдерді тамашалап, керемет әсер алды.

Бүлдіршіндерімізге арнайы Ұлттық дизайн академиясының академигі, Евразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, «Salta-Art» студиясының негізін қалаушы Салтанат Жапарова мен №169 мектеп-лицейінің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Шолпан Төреханова шеберлік сабақтарын өткізді.

«Скиф Трейд»  ЖШС  пен “Vita Bottlers Казахстан» ЖШС шараны қолдап, балаларға керемет көңіл-күй сылаған қолдаушылар да көңілді кеште бой көрсетті.

Астана қаласында да балаларға арналған іс-шаралардың легі толастамады. Қаланың түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өтіп жатты. Мысалы, Ұлттық академиялық кітапхананың М.Мақатаев залында 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балдәурен» мерекелік шарасы ұйымдастырылды. 

Аталмыш шараға балалар жазушылары, киностудия режиссеры, театр әртістері, дарынды өнерлі балалар, ұстаздар, оқушылар, кітапхана оқырмандары қатысты. Балалар күніне тарту ретінде ұйымдастырылған ертеңгіліктің берері мол. Әр баланың бойына ертеңгі күнге деген сенімділікті ұялататын тәрбиелік жұмыстар жүргізілді. Бүлдіршіндер өз қнерлерін ортаға салды. Шараның ең басты құндылығы – бүлдіршіндерге рухани тәрбие беру болып отыр. Рухани тәрбиемен азықтанған өрендеріміздің ертеңгі болашағы жарқын. 

Балалар күні ұйымдастырылған игі шараның бірі – еліміздің барлық өңірінен келген оқушыларға «Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылғаны болды. 

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен келген 70-ке жуық оқушыға «Ақорда» резиденциясына барды. 

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, олардың арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.

Аталған шара аясында оқушылар резиденцияның бірінші қабатындағы Орталық салтанатты холл мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған «Салтанат» залын, түрлі жиындар өтетін «Шығыс», «Мрамор», «Алтын» «Доғал» және басқа да келіссөздер залдарын тамашалады, сондай-ақ кітапхананы аралап көрді.

Бұдан бөлек, оқушылар еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректермен танысты.

Сонымен қатар, Астанада «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы балаларды қорғау күніне орай ата-аналар мен балалар шеруін өткізеді.  Шараға қатысушылар балалар тақырыбына арналған түрлі мәселелерді көтерді. 

Шерудің басты мақсаты – балалардың құқықтары, міндеттері, пікірлері бар екенін көрсету. Жұртшылықтың назарын балаларды толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемаларға аудару. Осы іс-шара арқылы балалар өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Балалар шараны квест ойынымен жалғастырды.  

Балаларға назар аударып, олардың қызығушылығына ден қою тек 1 маусымда ғана жүргізілмеу керек. Олардың жан-жақты дамуын қалыптастыратын іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылуы тиіс. 

Тегтер: