26 Қаңтар 16:58
...

«Elge qaitaru» қоры: «JUSAN BANK» пен ERG мемлекетті тақырға отырғызды

Фото:

Бүгін «Elge qaitaru» қорының құрылтайшылары Болат Әбілев, Оразалы Ержанов және қордың сарапшысы Ескендір Бейсембетов баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жасады.

Қаржыгер Оразалы ЕРЖАНОВТЫҢ айтуынша, «Elge qaitaru» қоры қазақстандық Jusan bank-ке қатысты Невада штатының (АҚШ) бас прокурорына шағым түсірген. Өйткені қазақстандық банктің жұмысын қадағалайтын компаниялар осы штатта тіркелген.

«Невада штатының бас прокурорынан банктің жұмысын қадағалайтын компаниялардың күрделі қылмыстық схемаларына назар аударуды сұраймыз. Өйткені бұл компаниялардың қылмыстық іс-әрекетінен Қазақстан Республикасы мен оның халқы зардап шекті», – деді О.Ержанов.

Спикер ол компаниялардың қандай қылмыстық әрекет жасағанын және мемлекет пен халықтың қанша көлемде зардап шеккенін айтпады.  

«АҚШ-қа жолдан арызда мәселені егжей-тегжейлі ашып көрсеттік. Әзірге толық ақпарат бере алмаймыз», – деді ол.

Қордың құрылтайшысы, саясаткер Болат ӘБІЛЕВ АҚШ-тың әділ заңдарынан үмітті. «АҚШ Қазақстан емес. Ол жақта қоғам дамыған, заңнамалар жетілген. Сондықтан да Невада штатының прокуратурасынан оң жауап күтеміз», – дейді саясаткер.

Сондай-ақ «Elge qaitaru» қоры ҚР ҚПК-нің 181-бабына сәйкес «Еуразиялық топ» (ERG) пен Үкіметтің бұрынғы мүшелері Марат БЕКЕТАЕВ, Бақыт СҰЛТАНОВ және Бейбіт АТАМҚҰЛОВТЫ қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде құзырлы органдарға арыз жолдады.

ҚР Бас прокуроры Берік АСЫЛОВ пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас БЕКТЕНОВКЕ жолданған мәлімдемеде былай дейді: «2022 жылдың 15 желтоқсанында Қаржы министрлігінен ERG-ге қатысты жауап алдық. Бұдан бөлек, қолымызда Қаржы министрлігінің «NEGE Media» ЖШС-ға дәл осы сұрақтар бойынша берген жауабы бар.

Қолдағы бар құжаттардың сараптай келе, ҚР Үкіметінің бұрынғы мүшелері М.Бекетаев, Б.Сұлтанов, Б.Атамқұловтың ERG директорлар кеңесінің мүшесі міндетін атқару кезінде олардың әрекетінен немесе әрекетсіздігінен мемлекет мүддесіне орасан зор шығын келгені айқындалды».

Естеріңізге салайық, Қаржы министрлігінің NEGE редакциясына берген жауабында 2017-2021 жылдар аралығында ERG компаниясы Қазақстан Республикасына дивиденд ретінде 365,6 млн доллар аударғаны, оның өзі сот шешімімен бұғаттаулы тұрғаны айтылады. «Elge qaitaru» қорының құрылтайшылары осы жауапты негіз етіп алған.

Қазақстандағы кен орындарынан миллиардтап пайда тауып жатқан компания 5 жылда НЕГЕ бар-жоғы 365,6 млн доллар дивиденд есептеп берді?

NEGE тілшісінің осыған қатысты қойған сауалына О.ЕРЖАНОВ былай деп жауап берді: «Бұған дейінгісін айтпағаннын өзінде, ERG 2017-2021 жылдар аралығында Қазақстанның есебінен қыруар пайда тапқан. Мәселен 2017 жылы (EBITDA) – 2,9 млрд, 2018 жылы – 1,913 млрд, 2019 жылы – 1,538 млрд, 2020 жылы – 2,023 млрд, 2021 жылы – 4,210 млрд доллар пайда тапқан. Қолма-қол ақшаның көлемі өткен жылдың өзінде ғана 1,830 млрд долларға жеткен.

Жай ғана арифметикалық есепке салсақ, ERG тобының 2017-2021 жылдардағы табысы 11,774 млрд доллар болған. Компанияның 40%-ы Қазақстан Республикасына тиесілі бола тұра, мемлекет пайдасына НЕГЕ 365,6 млн доллар ғана есептелгені түсініксіз. Бұл жерде айқын көзбайлаушылық бар. Біздің есебімізше, мемлекетке түсуі тиіс дивиденд 365,6 млн доллар емес, бірнеше млрд доллар болуы тиіс».

Қор құрылтайшыларының мәлімдемесіне қарағанда, Еуразиялық топ Қазақстандағы өндіріс орындарын шектен тыс қарызға батырған. Өткен жылға дейінгі есеп бойынша қарыз көлемі 7 млрд долларға жеткен. Мұны қаржы министрлігі де мойындап отыр. Бірақ министрлік «бұдан қауіп жоқ» деп есептейтін көрінеді.

«Біз мұны әдейі жасалған іс-әрекет деп есептейміз. Өйткені қазақстандық өндіріс орындарға қатысты миллиардтаған несиелік келісім шарттар санкция астында қалған ресейлік ВТБ және Сбербанкпен жасалған», – дейді мәлімдемеде.

Бұдан бөлек, қор құрылтайшыларының айтуынша, 2021 жылдың соңында ERG шетелдегі өз компаниясына 500 млн доллар қарыз берген. Ал қаңтардағы бүліктен соң (10 қаңтарда) Еуропада тіркелген өз компанияларына қарыз беру арқылы елден 1,1 млрд долларды шығарып әкеткен көрінеді.

«Осылайша, бас-аяғы бір-екі айда ғана бұлар елден 1,6 млрд долларды шығарып әкетті», – дейді қор құрылтайшылары.

Сондай ақ ERG-дің не себепті Ұлы Люксембург герцогтығында тіркелгені де күмәнді. «Компания жұмысшыларының түгелге жуығы қазақстандық кәсіпорындарда жұмыс істейді. Сөйте тұра компанияны шетелде тіркейді. Бұл әрекет күмән туғызбай ма?», – деген сұрақтың жауабын қор жетекшілері құзырлы органдардан күтеді.  

Осының бәрін ескере келе, қор құрылтайшылары Үкіметтің бұрынғы мүшелері М.Бекетаев, Б.Сұлтанов және Б.Атамқұловты ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабының 4-бөлімі және 371-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

Тегтер: