27 Қазан 12:53
...

Электр энергиясын қалай үнемдеуге болады?

Фото:

Электр энергиясын үнемді тұтынудың пайдасы зор. Ол қоршаған ортаны сақтау факторларының бірі. Сол себепті электр энергиясы бүгінгі таңда кез келген қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналған.

Электр энергиясын тұтыну деңгейі дүние жүзінде әр түрлі. Дамушы елдер өз тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті қуат өндіруге тырысуда. Ал дамыған елдерде мұндай мәселе жоқ. Олар керісінше қоршаған ортаға зиянын тигізбеу үшін электр энергиясын үнемді пайдалануды ойлайды. 

Қазір адамзат өмірін электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Осы уақытқа дейін адамдар энергияны әртүрлі жолмен өндіруді үйренді.

Электр энергиясын өндіру үшін көмір жағамыз, радиоактивті отынды пайдаланамыз, өзендерге тосқауыл қоямыз. Осылайша, электр энергиясын өндіру қымбатқа түсіп қана қоймайды, қоршаған ортаға да теріс әсерін тигізеді. Кез келген электр станциясы қоршаған ортаға белгілі бір деңгейде зиян келтіреді. Сол себепті электр энергиясын үнемдесек, электр станцияларының қажетті қуаты айтарлықтай азаяды.

Біз энергияның негізгі бөлігін табиғи ресурстардан аламыз. Көмір, мұнай және газ қалпына келмейтін пайдалы қазбаларға жатады. Біз олардың бір күні сарқылатынын есте ұстауымыз керек.

Мемлекет қанша бай болса да, кәсіпорындар мен халық электр энергиясына қыруар қаржы жұмсайды. Әсіресе, қыс айында электр энергиясын тұтыну деңгейі артады. 

Адамдар энергияны үнемдейтін құрылғыларға неғұрлым көп ақша салса, соғұрлым жоғары технологиялық және экологиялық таза өнімдердің өндірісі тез артады. Қазірдің өзінде адамдар энергияны үнемдейтін жүйелері бар және жарықтандыру мен электр құрылғыларын қашықтықтан басқаруға арналған қолданбаларыбар «ақылды» үйлерде тұрады. Жарықтандыру, тұрмыстық техника және электроника біздің өмірімізді өте ыңғайлы етеді. Десе де электр энергиясының өндірісі табиғи ресурстардың көп мөлшерін қажет етеді. 

Энергияны үнемдеудің бірнеше тәсілі бар.  

1. Үйден шығар кезде артыңыздан жарықты сөндіріп жүруді әдетке айналдырыңыз. 

Бұл қарапайым ереже. Десе де бұл ережені қаперімізде ұстауды ұмытып кетіп жатамыз. Босқа жанып қалған жарық қоршаған ортаға зиян келтіреді. Сол үшін де бөлмеден шыққан кезде жарықты өшіруді ұмытпаңыз.

2. Қуат үнемдеуші шамдарды қолданыңыз.

Кәдімгі шамдарды энергияны үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстырыңыз. Олар бірнеше есе ұзағырақ қызмет етеді және электр энергиясын айтарлықтай аз тұтынады. Қуат үнемдеуші шамдар қатты қызбайды, сол себепті энергия тек жарықтандыруға жұмсалады.

3. Тұрмыстық техниканы пайдалану ережелерін сақтаңыз.

Пайдаланбаған кезде құрылғылар мен зарядтағыштарды токтан ажыратып жүріңіз. Әсіресе энергияны көп тұтынатындар: электр плитасы, ас үй құралдары. Өйткені токқа қосылған кез келген құрылғы істеп тұрмаса да электр қуатын тұтынады. Жаңа құрылғыларды сатып алғанда, қуат үнемдеу жапсырмаларына назар аударыңыз. A+, A++ және A+++ класындағы электр құралдары В класындағы тауарларға қарағанда электр энергиясын аз тұтынады. Осы тұрғыдан алғанда C және D кластары ең тиімсіз болып саналады. 

Тоңазытқышты жылытқыштың, пештің жанына немесе күн түсетін жерге қоймаңыз. Ондай жағдайда тоңазытқыш көп жұмыс істеп, салқындату үшін көбірек қуат жұмсауы керек болады. Сонымен қатар тоңазытқышқа ыстық тағамды қоймаңыз және есігін ұзақ уақыт ашық қалдырмаңыз. 

4. Қабырғаларды ашық түске бояңыз немесе ашық түсті тұсқағаз іліңіз.

Тегіс ақ бет жарықты (күннен де, пәтер ішіндегі жарық көздерінен де) қараңғыға қарағанда әлдеқайда жақсы көрсетеді. Бұл арқылы жарық шамдарды азырақ пайдаланып, энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. 

5. Ескі сымдарды ауыстырыңыз.

Кейде электр энергиясын тұтынудың жоғарылауы ескі сымдарға байланысты болады. Оны ауыстыру арқылы сіз өрт қауіпсіздігін де сақтайсыз. 

6. Аптасына 1 күніңізді гаджетсіз, теледидар, ноутбук, смартфонсыз өткізіңіз. 

Жаяу серуендеңіз, кітап оқыңыз, отбасыңызбен және достарыңызбен сөйлесіңіз, спортпен айналысыңыз. 

Кез келген мемлекеттің энергиясы оның экономикасының ілгерілеуінің шешуші факторы болып табылады, сонымен қатар белгілі бір жағдайларда азаматтардың әл-ауқатының деңгейі немесе оның дамуына серпін береді.

Биыл Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындап шықты.

Аталған тұжырымдаманың көмегімен отын-энергетикалық ресурстарды тұтынудың көлемін азайту мен оны тиімді пайдалануды жолға қою арқылы Қазақстанның ІЖӨ-де энергия сыйымдылығын төмендету көзделген.

Бұл бастаманы іске асырудың нәтижесінде өнеркәсіптің басым секторларында өнім өндірудегі энергия ресурстарының шығыны төмендеп, бюджеттік секторда, ТКШ-да және көлік секторында энергия тұтыну мөлшері біршама азаяды деп болжанып отыр.

Тегтер: