Елдегі танымал балалар орталығы ата-аналарды зар қақсатты
Yaya компаниясынан балаларға арналған үйірмелерге қымбат абонемент сатып алған жүздеген ата-ана сан соғып қалды. Олардың айтуынша, қызмет тиісті деңгейде көрсетілмеген, ал төленген қаражатты қайтаруға компания өкілдері асығар емес.
Астана, NEGE. Баласының болашағына алаңдаған бір топ ата-ана компанияның кеңсесі орналасқан ғимарат алдына жиналып, мәселенің шешілуін талап етті. Олардың айтуынша, шамамен бір жыл бұрын аты танымал компаниядан құны 350 мың теңгеден басталып, 600 мың теңгеден асатын бір жылдық абонемент сатып алған.
Аталған абонемент бойынша балалар түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуы керек болған. Алайда біраз уақыт өткен соң орталықтар жабылып, қызмет көрсету тоқтаған.
«Бір айдың ішінде ақшаны қайтарамыз деп уәде берген. Мен 4 желтоқсанға дейін күттім. Бірақ содан бері ешқандай нәтиже жоқ. Қаншама ата-ана баласын үйірмеге апара алмай отыр, ақшасын да қайтара алмай жүр. Ал қайтаруды талап еткендерге тек 50 пайызын ғана береміз дейді. Біз YaYa брендіне, жарнамасына сендік. Қазір не ақша жоқ, не қызмет көрсетіліп жатқан жоқ», – дейді ата-аналардың бірі Әйгерім Әділханқызы.

Жапа шеккен ата-аналардың қатарында Алматы тұрғыны Аида Мизамидин де бар. Ол 2024 жылдың тамыз айының соңында YaYa компаниясынан 660 мың теңгеге жылдық абонемент сатып алғанын айтады.
«Алғашында бәрі қалыпты, жақсы болды. Бірақ қазан айында спорттық гимнастика жабылды, кейін бассейн жұмысын тоқтатты. Қарашада “Дамыту” орталығы да жазылу мүмкіндігін тоқтатты. Үйірменің түсіндіруінше, YaYa компаниясы оларға екі ай бойы ақша төлемеген. Тіпті қызметкерлердің жалақысын бермей, сондағы басшылық өз қалтасынан төлеп жүрген», – дейді Аида Мизамидин.

Ол желтоқсан айында көрсетілмеген қызметтер үшін ақшасын қайтаруды талап еткен. Алайда компания абонементті қайта есептеп, оны алты ай пайдаланғандай көрсетіп, төленген қаражаттың жартысына жуығын ғана қайтаруды ұсынған.
«660 мың теңгеден маған небәрі 300 мың теңгедей ғана қайтармақ болды. Біз адвокатпен бірге сотқа дейінгі талап-хат жолдадық. Олар оны қабылдап, қол қойды. Бірақ келесі күні бұл талаппен келіспейтінін жазбаша түрде хабарлады», – дейді ол.

Ата-аналардың сөзінше, кейбірі қаражатты қайтару жөніндегі келісімшартқа қол қойғанымен, ақшасын 1 айдан 4 айға дейін күтіп отыр. Кредит алып, қиын жағдайға тап болғандар тек Алматыда ғана емес, Астанада да бар.
Зардап шеккен ата-аналар WhatsApp чат ашып, оған 300-ге жуық адам тіркелген. Жалпы екі мегаполисте бұл компаниядан абонемент сатып алғандар саны шамамен 2,5 мың адамға жетеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, орталық толық жабылған жоқ, жұмысын жалғастырып жатыр. Олардың сөзінше, абонементтік жүйе қаржылық тұрғыда тиімсіз болып, бірқатар қиындық туындаған.
Ата-аналармен кездескен компания өкілі Абай Тұрғымбаев қазіргі таңда инвестордан қаржы күтіп отырғандарын айтты. Сондай-ақ ол кейбір үйірмелер мен серіктес орталықтар алдында қарыздары бар екенін де жасырмады.
Оның айтуынша, алдымен серіктестерге кезең-кезеңімен қаржы бөлініп, көрсетілген қызмет пен жалақы бойынша төлемдер өтеледі. Ал содан кейін ата-аналарға қаражатты қайтару жұмыстары басталмақ.
«Қаржылық қиындық бар. Бізге инвестор қаражатты аудару керек. Біз тек соны күтіп отырмыз. Ол инвестордың кім екенін, қай саладан екенін айта алмаймыз.
Бір ғана өтінішіміз, бізге шамалы уақыт берілсе дейміз. Бұлай әбігерге салғанымыз үшін кешірім сұраймын. Төлемдер келесі апта басталады», – дейді YaYa компаниясының өкілі Абай Тұрғымбаев.
Тұтынушылар бұл әңгімеге сенбейді. Көптен бері сергелдеңге түскен ата-аналар құр уәдеге тойғандарын айтады. Енді қолхат жазып, нақты қай күні қайтарылатынын бекітіп беруді талап етуде.