1 Тамыз 10:45
...

Елде ауыл шаруашылығы санағы басталды

Мал шаруашылығы
Фото: gov.kz

Бүгіннен бастап Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Санақ кезінде жиналған деректер еліміздегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын, оның қалай дамып келе жатқанын, ондағы халықтың тұрмысын көрсетеді. 

Алматы, NEGE. Алғашқы онлайн-кезең 31 тамызға дейін жалғасады. Қатысу үшін sanaq.gov.kz сайтында ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы жүйеге кіруге болады.

Сайтта екі түрлі сауалнама қолжетімді: біреуі — агрокәсіпорындарға, екіншісі — бау-бақшасы бар не мал ұстайтын үй шаруашылықтарына арналған. Сұрақтар ауыл шаруашылығы қызметінің барлық тұсын қамтиды: жер мен техниканы пайдалану, еңбек ресурстары, ауыл шаруашылық өнімін өткізу және т. б.

— Сайтта сауалнаманы қалай толтыру керектігі туралы бейненұсқаулық, интерактивті көмекші және нақты уақыт режимінде сұрақтарға жауап беретін SANAQ мырза чат-боты жұмыс істейді. Интернетке қосылмаған азаматтар үшін еліміз бойынша әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде 2684 өзіне-өзі қызмет көрсету пункті ашылған. Сондай-ақ 1446 нөміріндегі байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді және техникалық сұрақтардан бастап сауалнаманың мазмұнына дейін кез келген мәселе бойынша кеңес беруге дайын, — делінген Ұлттық статистика бюросы хабарламасында.

Ұлттық статистика бюросы ауыл шаруашылығы санағына қатысушылар ұсынған барлық деректің заңмен қорғалатынын және салық органдарына, полицияға немесе басқа мемлекеттік мекемелерге берілмейтінін хабарлайды.