24 Қыркүйек 15:45

Елібаевтың 10 досы. «Қазақстан даму банкінің» олигархтармен ойыны НЕГЕ біреулер үшін қайғылы аяқталуы мүмкін?

Елибаев
Фото: Фото: Nege.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы «Қазақстан даму банкіне» (ҚДБ) жасаған ескертуі мүлде аяқсыз қалды. Жалпы, квазишенеуніктер мен олигархат президентті тыңдамауды әдетке айналдырып алды. Араға екі жыл салып осы ескертуді Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов та жасап отыр.

«Енді келесі ескертуді Бас прокуратура жасайды» деп санайды NEGE дереккөзі. Бірақ онда мәселенің тек ескертумен шектеліп қалмасы анық. Кезінде Мемлекет басшысы «Қазақстан даму банкінің» елдегі саусақпен санарлық олигархтардың қалтадағы ойыншық ұйымына» айналып кеткені туралы қатаң ескерткен болатын. Одан бері жағдай түк өзгермеді.

Баяғы сол «Ескі Қазақстан» олигархтары кезекпен кезек жобаларын қаржыландырумен келеді. Тіпті «Бәйтерек», «ҚазАгро» сынды холдингтерде басшылық қызмет атқарған экс-шенеуіктер де ҚДБ рахатын көріп, өздері бизнес ашып, жеңілдікпен несие алуға көшкен.

Отчет
Фото: "Қазхром" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі

Мысалы, Александр Машкевич бастаған «Еуразиялық үштік» атанып кеткен олигархтар тобына қарасты «Қазхром» акционерлік қоғамы «Қазақстан даму банкінде» ашып қойған транш аясында 2024 жылдың басында 14,2 миллион доллар жеңілдетілген несие алды.

Бірақ осы қаржыға «Қазхром» қаншалықты мұқтаж болды деген сұрақ бар. Себебі «Қазхром» жыл басынан маусым айына дейін өзінің акционері ERG мен оның бақылауындағы еншілес компанияларға 83,7 миллион доллар, ал шілде айында тағы 40 миллион доллар ақша аударған.

брк
Фото: Nege.kz

Бұдан ERG-дің мемлекет көмегіне мұқтаж емес екенін, тек «Қазақстан даму банкі» бәрібір беріп отырғандықтан жеңіл несиеден бас тартпағанын байқаймыз. ҚДБ-ның сүйікті клиенттеріне айналып кеткен олигархтар арасында Александр Машкевич, Патох Шодиев, Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұржан мен Нұрхан, кезінде ең бай қазақстандық атанған Владимир Ким, Эдуард Огай, Сайдулла Қожабаев, Серікжан Сейітжановтар бар. «Сонда Қазақстанда ірі жобалармен осылардан басқа ешкім айналыспай ма?» деген заңды сұрақ туындайды.

«Қазақстан даму банкі» 2019-2023 жылдар аралығында 2,4 триллион теңгеге салалық жобаларды қаржыландырған. Банктің біреуге несиені қымбаттатып, ал тура сондай басқа жобаға кредитті арзандау беретін қылығы ашылып отыр. Оны Жоғарғы аудиторлық палата анықтады.

Бұдан бөлек, бюджеттен бөлінген қаржыны кәсіпорындарға бірден бермей, депозитте ұстап, сол арқылы өздеріне де біраз табыс тауып отырғаны әшкереленді. «Қазақстан даму банкінің» қазіргі басқарма төрағасы Марат Елібаевтың басына бұл мәселе болашақта таяқ боп тиюі мүмкін. «Уақыт аз қалды» дейді біздің оқырманымыз. ҚДБ тез арада өзгермесе, «сол жағалаудағы ақ жағалылардың» шыдамы таусыла бастаған сияқты...