«Жусан» операциясы: Сириядан оралған қазақ балаларының жағдайы қандай?

31 мамыр, 17:59

Фото: ғаламтордан

Талай отандасымыз бейбіт заманда жиһадшылап өзге елге соғысқа кетті. Өздерімен қоса бала-шағасын еркінен тыс алып, Сирия ауғандары қаншама?! 

Жеткіншектердің бақытты балалығы соғыс жүріп жатқан елде өтті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сириядан қазақстандықтарды қайтару бойынша бесінші «Жусан» арнайы операциясын жүзеге асырды. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Жусан» гуманитарлық операциясының төрт кезеңін қорытындылады.

«2019 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен Сириядан 595 Қазақстан азаматы қайтарылды. Операцияның бірінші кезеңінде 47 адам, оның ішінде 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала, екінші кезеңінде 231 адам, оның ішінде 16 ер адам, 59 әйел және 156 бала (18 жетім), үшінші кезеңінде 246 адам, оның ішінде 8 ер адам, 67 әйел және 171 бала (9 жетім), төртінші кезеңінде 71 адам, оның ішінде 3 ер адам, 19 әйел және 49 бала (5 жетім) елге жеткізілді. Осылайша, жалпы Сириядан қайтарылғандар саны – 595 азамат (33 ер адам, 156 әйел, 406 бала (32 жетім)», – деп хабарланды ҰҚК Youtube парақшасында.

Осы жылы 4 ақпанда Сириядан 12 адам үйіне оралды: төрт ер адам, бір әйел және жеті бала, оның екеуі жетім. Олардың үйлеріне келуіне ҰҚК және СІМ АҚШ пен басқа да халықаралық серіктестердің қолдауымен көмектесті.

Жетім балалар жақын туыстарының қамқорлығына берілді және мемлекет оларға барлық қажетті көмек көрсетті. Әйелдер мен балалар оңалту және қайта әлеуметтендіру бағдарламаларына енгізілді.

«Жусан» арнайы операциясы кезінде елге оралған балалармен қандай жұмыстар атқарылды және ол жалғасып жатыр ма? Бұл жағдай балалардың одан кейінгі өміріне қалай әсер етеді? Қазіргі таңда олардың құқықтары қаншалықты қорғалып жатыр?

Nege.kz сайтының бұл сауалына Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина жауап берді.

«Былтыр Ана мен бала құқығын қорғау мәселелері туралы заң жобасының аясында білім саласындағы уәкілетті орган ретінде біздің комитетке тиісті құзырет берілген болатын. Сол құзырет бойынша террористік әрекеттерден зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту ережелерін дайындауға міндет алғанбыз. Былтыр қыркүйекте сол ережелерді қабылдаған едік. Террористік қақтығыс алаңдарынан қайтарлыған балаларға көрсетілетін көмектің түрі мен көлемі осы ережеде қарастырылған», – дейді комитет өкілі.

Юлия Овечкинаның айтуынша, аталған ереже бойынша террористік қақтығыстар аумақтарында болған балаларға білім беру, құқықтық, әлеуметтік қызметтер көрсету мемлекет есебіне жүргізілетіні нақты көрсетілген.

«Бүгінде қайтарылған баланың әрбірі жеке бақылауға алынған. Әр балаға әлеуметтік оңалту жеке жоспары жасалған. Әр баламен тәжірибелі педагогтармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Тек балалармен ғана емес, олардың отбасымен жұмыс істейді. Осындай балалары бар әр отбасының жағдайын, проблемасын жақсы білеміз деуге болады», – деді комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, Юлия Овечкина «Жусан» арқылы елге жеткен балалар қазірдің өзінде белгілі бір жетістіктерге жете бастағанын айтты

– «Жусан» арқылы келген балалардың бәрі мектеп пен балабақшаға барып жүр. Оңалтуға алынған балалардың 40 пайызы үздік және озат оқушылар қатарына қосылғанын біліп, қуанып жатырмыз. Арасында олимпиада жүлдегерлері, түрлі шығармашылық байқаулардың, спорттық конкурстардың жеңімпаздары бар екенін мақтаншыпен айтып жүрміз, – деді Юлия Овечкино.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации