29 Маусым 17:35

Журналист Қуандық Шамахайұлының неден қайтыс болғаны анықталды

Фото:

Ақпаратты Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы хабарлады.

Алматы, NEGE. Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қуандық Шамахайұлының 23 маусымда COVID-19 жұқтырды деген күдікпен жедел жәрдем қызметі арқылы ауыр халде ауруханаға түскенін мәлімдеді. 

«Осы уақыттан бастап ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Қойылған диагнозы: ауыр дәрежедегі анықталмаған этиологияның екі жақты полисегменталды пневмониясы. Емдеу диагностикасы емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес жүргізілді. Емдеу кезінде науқастың жағдайы бірнеше рет нашарлады», - делінген басқарма хабарламасында. 

Басқарма мәліметінше, 29 маусымда танымал журналистің жүрегі тоқтап қалған. Реанимацияға қарамастан, науқас қайтыс болған. Қазір өлімнің себептері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Таңғы сағат 7.30-да отбасына Қуандық Шамахайұлының қайтыс болғаны хабарланды. Айша Тұрмағанбетова дәрігерлер бір дәріні сынақтан өткізген болуы мүмкін деп болжайды. Дәрігерлер болса, денсаулығының жақсарып келе жатқанын айтқан. Ол прокуратураға арыз жазатынын, күйеуінің қант диабеті секілді ауруы болмағанын және ішімдік ішпегенін, темекі шекпегенін айтты. 

Оқиғаның анығын білу үшін заңгер Ләззат Кендебайқызы ауруханаға арнайы барған болатын. Ол Facebook парақшасындағы жазбасында Қуандық Шамахайұлына берген дәрінің аты «Алувия» екенін жазды.

«Үйге қазір кірдім. Айша әпкем қатты қиналып жатыр. Есі кіресілі-шығасылы. Бір-бірінсіз тұра алмайтын, бір-бірі десе, шығарда жандары бөлек жандар еді ғой, амал қанша?..

Қуандық ағаның түндегі жазбасынан соң, жанұшыра ауруханаға жетіпті. Сөйтсе, аға әдемі боп ұйықтап жатты дейді. Көзін ашыпты, «жақсымын, бара беріңдер» депті. Сап-сау еді дейді. Таңғы 6-да анализ алыпты. Содан 9-да хабар келген, қайтыс болды деген.

Анар әпке менің кішкене сырқаттанып жүргенімді білген соң, өзің бармай-ақ, басқа әріптесіңді жіберші деп еді. Айша әпке таңертең маған өзі хабарласты. Анар әпкенің сөзінен соң, заңгер іздеп осында жазған. Мен ол екі ортада жолда бара жатыр едім. Менің денсаулығымды ойлап жатқан әпкелеріме көп рахмет! Бірақ Қуандық ағамен де, Айша әпкемен туыстай боп араласып, үйінен дәм татып жүріп, мынадай жағдайда қарақан басымды ойлап, үйден шықпай отыруды жөн деп таппадым. Қасында болдым, ауруханаға бірге бардық. Түсінбейтін нәрселер көп. Ана қолхат не қолхат, бүкіл история болезни, диагноз, бәрін анықтаймыз. Министрге, Бас Прокуратураға ресми хаттар жазып жатырмын. Бүге-шігесіне дейін тексеріп, іс қозғату жөнінде. Бағана бірде-бір затын, (тіпті ұялы телефонын да) қолға бере алмаймыз деді. Анализ нәтижесі шығу керек екен. Неге кеш алынды, неге түн ортасында бір қағазға қол қойдырды? Көкейде сұрақ көп. Шыдамдылықпен түбіне жетеміз деп сенем. Тек хайп қуған кейбір әріптестер жұмысқа кедергі келтірмесе болды. Хаттарды жіберіп болған соң, ауруханаға тағы барып қайтамыз. Бәрін осында жазып отырам.

P.S. Айтпақшы, берген дәрілері «Алувия» деген дәрі екен. Бәріне беріп жатырмыз деді. Тәуелсіз дәрігерлерден берген емі жөнінде де қорытынды аламыз. Тек сәл уақыт керек. Сабыр!» делінген Ләззат Кендебайқызының жазбасында.

Тегтер: