«Жора Ташкентскийдің» Қазақстандағы сәтсіз гастролі

Посткеңестік кеңістіктегі беделді «заңдағы ұрылардың» («вор в законе») бірі Георгий Сорокин – «Жора Ташкентскийдің» Шымкентте торға қалай түскені жайлы бір кездері оңтүстікте гу-гу әңгіме жиі айтылатын. Бұл оқиғадан соң қылмыстық әлем серкелерінің көбі шабына шоқ түскендей тулағаны да есте. Әсіресе, Ресейдің қылмыстық қауымдастығы «бұ қалай болды» десіп, қопаңдасып қалған. Керісінше, «Жора Ташкентскийдің» Шымкентте ұсталуы Қазақстанның құқық қорғау органдарына үлкен абырой әкелді.
Шымкент қаласының Абай аудандық соты шығарған үкімде «Жора Ташкентский» туралы мынадай деректер бар:
Георгий Николайұлы Сорокин 1972 жылы Ташкентте туған. Тұрғылықты жері – Мәскеу, Вешняковский көшесі, №13 үй, 144 пәтер. Үйленген. Спорт шебері. Жоғары білімді. Уақытша жұмыссыз. Бұрын сотталған. 1990 жылы 6 маусымда Ташкент қаласының Хамза аудандық халық сотының үкімімен 7 жылға сотталған. Алайда 1995 жылы мамыр айында Өзбекстан Республикасының президенті Ислам Каримовтың жарлығымен амнистияға ілігіп, 1996 жылы 11 қыркүйекте түрмеден шыққан. Одан кейін Мәскеуге қоныс аударған. 2004 жылы Мәскеу облысының Ногин қалалық сотының үкімімен 3,5 жылға сотталған. Бұл жолы да жолы болғыш «ұры» түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан.
«Жора Ташкентксийдің» Мәскеуде абырой-беделі зор болыпты. Ол өзін тәртіпті ұстағандықтан, «заңдағы ұрылардың» кезекті жиынында бұған да «ұры» атағы берілген. Ал енді Сорокин Шымкентте торға түсті? Ол «заңдағы ұрылардың» нұсқауымен Шымкентке келіп, жергілікті авторитеттер «Еска» есімді Жүсіпбек Бартекеев пен «Бахон» – Бағдат Жолдасбаевтың арасындағы араздықтың шешімін таппақ болыпты. «Жораны» бұл жиынға Рафаэль Бикбаев («Рафик») шақырған.
Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтыны секілді, «Еска» мен «Бахон» да Шымкентке сыйыса алмай жүргеніне біраз болған. «Бахонның» айтуынша, «Еска» тапқанын басып жейді, түрмеге «жылу» жіберерде көпшілікті шөміштен қағады, «братваға» тиісті деңгейде көңіл бөлмейді, осылайша «ортақ қазанға» қол салады-мыс.
Қылмыс әлемінде бұл – аса ауыр айып. Егер мұнысы дәлелденсе, «Есканы» ана дүниеге аттандырып жіберу оп-оңай. Жалмауызға да жан керек, Бартекеев барынша ақталуға тырысқан. Міне, «Жора Ташкентский» қылмыс әлемі үшін маңызды мәселені біржақты ету үшін Шымкетке келген.
Мұндай шетін шаруаны тек «заңдағы ұры» ғана шеше алады. Ал «Рафик» беделді болғанымен «ұры» емес еді. «Ұры» болмаса, мұндай мәселені шешуге құқығы да жоқ.
«Жора» 2005 жылы 7 маусымда Шымкентке келген. Мәртебелі қонақты алдымен Ақсукенттегі «Мельница» кафесіне апарып қонақ етеді. Жергілікті «братвамен» бір дастарқан басында бірнеше сағат бойы көңілді отырған мәртебелі қонақты кешке негізгі жиналысқа «Арасан» элиталық моншасына апарады. Жиынға Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысынан және Мәскеуден келген 14 «братва» қатысқан.
Ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің жергілікті қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті 5-басқармасының жігіттері 14 «серкенің» әр адымын аңдып отырғанымен, бірден бас салып ұстамаған. Жиынның бас серкесі «Жора Ташкентский» түннің бір уағына дейін тараптарды тыңдап, айтарын айтып болып, қонақтар әбден жайланды-ау дегенде ғана басып қалыпты. Мұздай қаруланған арнайы жасақ ешкімді тырп еткізбеді. Қашып құтыла алмайтынын сезсе керек, ешкім қарсыласпаған. «Жора Ташкентскийдің» қалтасынан ТТ тапаншасы мен үш грамм ақ ұнтақ табылады. Өзгелерінің жанынан заңға қайшы ештеңе шықпаған. Әзірге «Жорадан» басқалары керек емес те еді...
Осылайша «Жора» ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталды. Өзі тағылған айыпты мойындамағанымен, полицейлер шаруасын тыңғылықты атқарды. Басқа емес, «Жора Ташкентскийді» ұстап беріп масқара болған жергілікті «братва» қатты сасыпты сол кезде. Қайткенде де «Жораны» шығарып алуға тырысқан. Басшылыққа ірі көлемде пара ұсынады, жоғары қызметтегі екі шенеунікті араластырмақ болады. Мұнысынан ештеңе шықпаған соң сот-медициналық сарапшылар арқылы әрекет жасап көреді. Сарапшылар Сорокинге «ақыл-есінен алжасқан» деген қорытынды шығарып бергенімен, ең жоғарғы деңгейде бақылауда тұрған қылмыстық істі бәрібір бұрмалай алмады.
Жергілікті серкелерге енді қайтпек керек? «Бахон» кінәсін қалайда жуып-шаю үшін түрмедегі Жораға мол «жылу» жіберіп, онымен бірге героин қоса салмақ болған. Сәлемдемені түрмеге жолдау кезінде «Бахонның» өзі де ұсталып, ол да бірнеше жыл арқалап кете барған.
«Жора Ташкентскийді» түрмеден шығарып алудың соңғы әрекеті тіпті қызық. Әлдебір Ергешұлы деген азамат полицияға «қылмысын мойындап» арыз жазады.
«ТТ тапаншасы мен 3 грамм героин менікі еді. Арнайы жасақ моншаға басып кіргенде қорыққанымнан ол заттарды ілініп тұрған шалбарлардың бірінің қалтасына салып жіберіп едім. Тапанша мен есірткіні заңсыз сақтағанымды мойындаймын» деп жазады ол.
«Тапанша мен есірткіні қайдан алдың?» деген сұраққа: «Даладан тауып алдым» деп жауап берген. Алайда тергеушілер мен сот Ергешұлының сөзіне сенген жоқ. Өйткені оның айтқандарының бәрі ақ матаны қара жіппен көктегендей тым олақ еді. Қылмысқа қатысы жоқ, қатардағы көптің бірі әрі тек қазақ тілін ғана біледі екен. Ал мойындау арызы орыс тілінде жазылған және компьютермен терілген.
Айыптаушы тарап «Жора Ташкентскийге» 7 жыл жаза сұрағанымен, сот оған 3 жыл кесті. Осылайша «заңдағы ұры» Георгий Сорокин жазасын Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеде толық өтеп, бостандыққа шықты. Содан бері Қазақстанға аттап басқан емес...
Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан.