Жолды жапқан ақтаулықтар емес: Қайрат Нұртастың анасы наразылық кезіндегі жағдайды түсіндірді

14 қаңтар, 14:24
Жолды жапқан ақтаулықтар емес: Қайрат Нұртастың анасы наразылық кезіндегі жағдайды түсіндірді
Фото: ғаламтордан

Гүлзира Айдарбекова Ақтауда наразылық білдірушілер жолды бөгеген кезде ұлының көліктен түспей қойғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. 

Алматы, NEGE. Продюсер жұлдызды баласын барынша жаман етіп көрсетуге тырысатындарға өз ренішін жеткізді. Ол көпшіліктен жалған мәліметтер таратып, елді азғыруды тоқтатуды сұрады.

"Ақтаулықтар Қайратты бүйтіпті, көліктен түспеді деген өсектер біраз желіні шулатып, іші тар, көре алмай отырғандар түрлі суреттерін қойып ауыздарына келгенін жазғандарымен өз-өзін жұбатып әлек. Қайратты ақтаулықтар аяғын жерге тигізбей құрметтеп, бірінен соң бірі кеткенінше күтіп жіберді. Еш уайымдамасаңыздар болады. Оған дәлел мына видеолар қажет болып жатса. Тіптен ақтаулықтар ұрып тастапты деп, беті қанаған етіп монтаждап та салып қойыпты. Бір тал шашы да түскен жоқ, бетіне саусақтарының ұшы да тиген жоқ. Қашатын адам көліктің жарығын жағып мені көрдіңдер ма дегендей отырмайтын шығар. Өсекке ермес бұрын, есі дұрыс адам осыдан-ақ ой түйер.

Қайрат көліктен шығып мән-жайды айтып қайта отырған кезінде түсірілген видео екені көрініп тұрған жоқ па, көліктің жарығын жағып отырғанынан-ақ. Ол жерде ақтаулықтар емес, шет жақтан келген, жолды жауып елді дүрліктіріп тұрған жігіттер. Ақтаулықтар жарады, оларды бірден орнына қойып тастады, бейбіт шеру жасау керек деп бәрін ақылмен тарқатып, арандатушыларға міз бақтырмай қойды. Елдегі арандатушылардың кесірінен қаншама боздақтарынан айрылған аналардың жер құшып, көз жастары көл болғанын көріп отырып, желі арқылы елдің ойын кері пікірге бұрып, азғырып отырғандар, өсекті тоқтатсаңыздар екен", - деп жазды ол Instagram парақшасында.