Жоғалып кеткен 92 адам табылды

14 тамыз, 09:51
Жоғалып кеткен 92 адам табылды
Фото: google.com

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 93 адам із-түссіз жоғалса, соның 92-сі аман-есен табылды.

Алматы, NEGE. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, із-түзсіз жоғалғандарды іздеумен криминалдық полиция айналысады.

Тәртіп сақшылары жоғалатындарды негізгі екі санатқа бөлген. Олардың бір бөлігі туыстарына жөнін айтпай табыс табуға кететіндер болса, екіншісі ішімдікке әуестіктен қаңғырып кететіндер.

Петропавлдың 34 жастағы тұрғынын криминалдық полиция қызметкерлері облыс аудандарының бірінен тапты. Оның жұмысқа орналасқан жерінде байланыс болмағандықтан анасына қоңырау соға алмаған.

Ал 27 жастағы қала тұрғыны туыстарымен қарым-қатынасы келіспегендіктен олардың қоңырауларына жауап бермеген. Полицейлер жігітті бір аптадан артық іздеп, тапты.

Облыс орталығының іздеуде жүрген тағы бір тұрғыны ойда-жоқта қала көшелерінен табылды. Патрульдік полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде «Volkswagen» автомашинасын тоқтатқан. Оның жүргізушісі - 35 жастағы ер адамның рөлге мас күйде отырғандығы анықталды.

Әкімшілік хаттама толтыру барысында оны туыстарының бірнеше күн бойы іздеп жатқандығы белгілі болды.

Жалпы, әр бесінші жағдайда жоғалғандар мастардың ортасынан, әдетте таныстарының үйінен немесе жалдамалы пәтерлерден табылады екен.

«Жақындарыңызды қайда жүргеніңіз жайында ескертіп отырған жөн. Көпшілік туыстарының мазасызданып іздейтінін ескермейді немесе мән бермейді. Салдарынан тәртіп сақшылары оларды күні-түні іздеп, қаншама жұмыс атқарады. Полицейлермен бірге «Қамқор» клубы мен «Лидер» қоғамының волонтерлері де тыным көрмейді. Олар аудандарға шығады, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізеді», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Биыл СҚО-да із-түзсіз жоғалған 93 адам тіркелді, оның 17-сі маскүнем. Қазіргі уақытта 92-сі табылды. Сонымен қатар, өткен жылдары жоғалған адамдар 44 адам іздестіріліп жатыр.