24 Маусым 11:35

Жедел жәрдем шақырғандар күрт көбейіп барады

Фото:
Өткен аптада елімізде жедел жәрдем көлігін шақыртушылар саны күрт арт

қан. Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов мәлімдеді.

Алматы, NEGE.  «Осы жылдың 5 айында жедел көмек бригадаларымен 3 млн-нан астам шақырту бойынша көмек көрсетілді. Жалпы, республика бойынша жедел медициналық көмек бригадалары күніне 18 мың шақыртуға шықты. Сонымен қатар осы жылдың маусым айында жедел көмек шақыртулардың 10 пайызға өскені байқалады. Оның ішінде айтарлықтай өсім маусымның 15-22-сі аралығында тіркелді. Бұл күндері жедел көмек бригадалары тәулігіне 22 мыңнан астам шақыртуларға қызмет көрсетті», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. Оның атап өтуінше, өңірлер бөлінісінде шақыртулардың өсуі Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалып отыр. «Осыған байланысты жедел көмек бригадасының шақырту орнына дейін келу уақыты 12 минуттан 13 минутқа артқаны байқалады. Бұл ретте айта кету керек, бекітілген ережеге сәйкес келу уақыты шақыртулардың жеделдік санатына байланысты. Яғни, науқастың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда жедел медициналық көмек бригадаларының келу уақыты 10-15 минуттан аспауы тиіс. Ал пациенттің өміріне не денсаулығына айқын қауіп болмаған жағдайда келу уақыты 60 минутқа дейін өзгереді», - деді Бауыржан Жүсіпов.

Тегтер: