28 Сәуір 19:24

Жауапсыз жұмыс берушілер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото:

ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде адам өліміне себепкер болған жауапсыз жұмыс берушілер қандай жаза арқалайтынын айтты.

Алматы, NEGE. «Бүгінгі таңда еңбек инспекциясының жергілікті органдары шетелден 30-дан астам адамнан тұратын жұмыс күшін тартқан 64 кәсіпорында тексеру жүргізіп жатыр. Тексеруде өткен жылдың нәтижесі сарапталады. 9 айдың қорытындысы бойынша, өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны жоғары болғанын ескере отырып, біз прокуратура органдарымен бірге осы органдарды тексеруге бастамашы болдық. Бас прокуратура бүгін бізге өз мәліметтерін беріп отыр. Иә, өкінішке қарай, құқық бұзу фактілері, жазатайым оқиғаларды жасыру фактілері бар. Еңбек кодексіне арнайы норма енгіздік. Егер кез келген азамат травматология бөліміне немесе басқа медициналық бөлімге түскен кезде, қандай да бір ұйыммен еңбек қатынасында екенін айтса, медицина мекемесі үш күннің ішінде ол жұмыс істейтін ұйымға, мемлекеттік органдарға, мемлекеттік еңбек инспекциясына және туыстарына бұл жайында міндетті түрде хабарлауға тиіс. Яғни, бүгінгі күні жазатайым оқиғаларды жасыру өте қиын», - деді Төлеген Қабақұлы.

Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген жұмыс беруші өз жауапсыздығынан адам өліміне себепкер болса, бас бостандығынан айырылатынын айта кеткен жөн.

«Егер кәсіпорында кісі өлімімен аяқталған жазатайым оқиға болса, жұмыс беруші тарапынан бұзушылықтар анықталғаны дәлелденсе, оны 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуге дейін қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін. Егер екі немесе одан да көп адам қайтыс болса, онда 7 жылға дейін сотталады», - деді комитет басшысының орынбасары.

Тегтер: