29 Шілде 12:24

Жастар саясаты: Жастар қандай қолдауға ие?

Фото:

Бүгінгі қоғамның негізгі тірегі – жастар. Ертеңіне көп үміт артылған жас буынның жағдайы да мемлекет қолдауынан тыс қалған емес. 

1991 жылы құрылған Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік комитет көп ұзамай Қазақстан Республикасының Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды. Елімізде 29 жасқа дейінгі 3,7 млн азамат жас­тар санатына кіреді. Жастардың дамуына басымдық беріліп, 2019 жылы елімізде «Жастар жылы» жарияланды.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» үш заң қабылдады. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы, отыздан астам нормативтік құқықтық актілер, ондаған мемлекеттік бағдарламалар мен жол карталары жүзеге асты. 

Қазақстанда жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары таныстырылған болатын. Оны Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов мәлімдеді. Жұмыс бағдары ең бірінші кезекте 2015 жылы қабылданған мемлекеттік жастар саясаты туралы заңды жүзеге асыруға бағытталған. Ол заң жастарды қолдау мен жастар саясатын орталық және аймақтық деңгейде жүргізу бойынша 9 бағыттан тұрады. 

Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары:

1) қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту;

2) денсаулықты сақтау және нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру;

3) жұмысқа орналасу мен жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау;

4) жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдайлар жасау;

5) жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту;

6) құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу;

7) экологиялық мәдениетті қалыптастыру;

8) дарынды жастарды дамытуға жәрдемдесу;

9) мәдени бос уақыт пен демалыс үшін жағдайларды қамтамасыз ету.

Вице-министрдің айтуынша, жұмыс жастардың жасы бойынша реттеледі. Себебі ҚР заңына сәйкес жастар санатына 14-28 жас аралығындағы азаматтар кіреді.

«Болашақ» қауымдастығының бастамасымен жоспарға шетелде оқитын жастарға арналған «Атамекен» атты жоба қосылады.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылатын болады. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40%-ға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу мәселерін бастарынан өткізеді. Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы іске қосылған.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жарты жыл тәжірибеден өтіп, мамандық бойынша біліктілікті арттырып, қалаған жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Жобаның мақсаты – маман жоғары оқу орнында білім алған соң үш жыл ішінде өзінің кәсібі бойынша жұмысқа орналастыру. Түлектерді жұмысқа бейімдеу мақсатында ұйымдастырылатын бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектер қатысады.

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда түлектерде мамандық бойынша тәжірибе болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмайды. Ал «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы еліміздің 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарын қолдауға арналған. 

Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.

Жастардың тағдыры мен болашағына елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде ғана емес, оларға елдің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі егесі ретінде қарағанда ғана ұлт құндылығын сақтай аламыз. 

Тегтер: