23 Қаңтар 08:04

Жапондікі – көлік, орыстікі – өлік

Фото:

Көлік алмақшы боп, «Kolesa.kz» сайтын қайта-қайта шолып шықтым. Жылы жаңа, бағасы арзан көліктер жылтыңдап шыға берді. Қожайынының нөмірін тердім. Армениядан өзі әкелген екен. «Жылы жаңа көлікті мұндай бағаға таппайсыз, алып алыңыз...» деп зуылдай кетті.

Ертерек құтылуға асығып тұрғаны байқалады. Бұл кезде армян, қырғыз көліктеріне әлі тыйым салынбаған еді. Кәдімгідей ойым кетті. Бірақ білетіндер «ертеңгі күні кедендік рәсімдеуі бар, тіркеуі бар, шығыны көбейіп кетеді» деген соң, өзіміздің мінілген, жылы ескілеу көлігін місе тұттым.

14 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі шетелден әкеліп, әлі тіркелмеген көліктерге қатысты жаңа талап енгізді. Яғни, «Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін» мәлімдеді. Қазір елімізде  дәл сондай 170 мыңнан астам көлік бар екен. Құзырлы орган сол көліктердің 1854 жол апатын жасағанын, 132 адам көз жұмғанын, 500-ден аса адам түрлі дене жарақатын алғанын айтты. 2019 жылы бақылау камераларына 90 мыңнан аса жол ережесін бұзған шетелдік нөмірлі мәшине ілігіп, 1,1 млрд теңгеден аса айыппұл салынған.

Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақта жаңа жылға дейін Армения мен Қырғызстанның көлігін кеденнен өткізу кезінде жеңілдік болыпты. Бірақ әлгі көлік иелері осы жеңілдікті пайдаланып, тіркеуге қоймай жүрген.

Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында жүргізушілер көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автокөліктерін жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап етті. Себебі, 2006 жылғы шыққан Toyota Ipsum көлігін Арменияда 2,5 млн теңгеге сатып алушы жаңа талапқа сәйкес, елімізде тіркетіп, кедендік рәсімдеуден өткізсе, өз бағасынан екі-үш есеге шығындалады екен. Айталық, 3 млн теңгеге (1,6 көлемде) көлік сатып әкелсе, енді оны Қазақстанда заңдастыру үшін 2,3 млн теңге төлейді. Министрліктің мәлімдемесін естіп, тіркеуге барғандар жағасын ұстап жатыр. Марат есімді жігіт «Армениядан 4 миллион 700 мың теңгеге (12 мың 300 доллар) сатып алған көлікті заңды тіркеуден өткізу үшін 7 миллион 300 мың теңге (19 мың 200 доллар) төлеу керек екен» деп жыларман. «Сонда біз Ресейдің қаңылтырын ғана мінуіміз керек пе?! Ашығын айту керек, жапондікі – көлік, орыстыкі – өлік!», – дейді ол.

Арзан көлік қайда бар?

Шынында да, Армения, Қырғызстан, Монғолия елінде көліктің бағасы арзан екен. Бізше айтқанда, су тегін. Мәселен, Арменияда 2012 жылғы (2,5 көлемде) Toyota Camry 50 көлігі 4 млн 990 теңге тұрса, ол бізде 6-7 млн теңгеден жоғары. Ал Моңғолияда қалай?

Нұрбол Ханағат 2014 жылға дейін Ұлан-Батырдан көлік әкелумен айналысқан. Ол Фейсбуктегі парақшасында: «Біздің елде 2009 жылғы шыққан қозғалтқыш көлемі 2 болатын Toyota Camry 40 көлігі 5 млн теңгеден асады екен. Ең арзаны төрт жарым миллион. Ал Армения, Қырғызстанда дәл осы маркалы, 2009 жылғы «қырықтықтарды» 3-4 миллион аралығында таңдап жүріп алады екенсіз. Моңғол елінде 2009 жылғы дәл осы Toyota Camry 40 бір миллион теңгенің ар жағында ғана» деп жазыпты.

Нұрболға хабарласып, мән-жайды сұрағанымызда: «2014 жылға дейін Моңғолияда көлік өте арзан еді. Қазақстанға келгенде өз бағасына 1-2 млн қосылатын. 2014 жылдан кейін кедендік рәсімдеу қымбаттап кетті. Себебі, Моңғолиядан көлік Ресей арқылы өтеді. Алым-салығымен 3 млн-ға шығып кетті. Сондықтан тиімсіз. Ал Моңғолияда көліктің арзан болатыны – олар Жапониядан, Оңтүстік Кореядан әкеледі. Бұл мемлекеттерде үш жылдан кейін ескі көлікке салық қымбат. Әрине, қазір де біреулер басқа кедендік жолдар арқылы әкеліп жүр. Бірақ оны да тамыр-танысы барлар істейді» дейді.

Ал талай жыл Токиода тұрған Айтмұрат Төреғалидің айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанға көлік әкелетіндер біршама болған. «Қазір тиімсіз. Негізінен ол жақтың көліктерінің рөлі оң жақта. Оның үстіне бізде оң жақтағы рөлге тыйым салған жоқ па? Оны ауыстыру да шығын. Ал қазір Жапониядан көлікті тек автобөлшек үшін кесіп әкеп, сатады. Басқа жол жоқ» дейді Айтмұрат Төреғали.   

Утилизация неге қымбат?

«Тәуелсіз автомобилистер одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы Эдуард Эдоковтің пікірінше, көлікті тіркемей жүрудің заңсыз екенін тиісті орындар ескертуге міндетті емес, бірақ тіркелмеген көліктер көбейе бастағаны байқалғанда шекарадан өткен әр көлікке құлаққағыс ретінде ескерту қағаз беру керек еді.

Жол қозғалысы туралы заңның 63 және 65-бабында «шетелден келген көлік 10 күн ішінде тіркелуі керек» деген норма бұрыннан бар. Көлікті шетелдіктен сенімхатпен алғандар бір жыл бойы Қазақстанда кедергісіз жүре алады. Бірақ жыл сайын Қазақстан аумағынан 30 күнге шығаруы керек. Көлікті Армения мен Қырғызстаннан әкелгендер көбіне сонда уақытша тіркеуге тұрып, техникалық құжатын өз атына жаздырады. Ондай көлік Қазақстанға келгенде он күн ішінде тіркеліп, бастапқы тіркеуді, акцизді және утилизациялық алымды төлеуі қажет.

Қазір шетелден көлігін тіркеуге қойғысы келетіндерді құртып отырған – утилизация алымы екен. Бұл алым 2,5-3 миллион теңгеден бастап, өсе береді. Жүк көліктері мен арнайы техникалардың утилизация алымы 20 миллион теңгеге дейін. 2014-15 жылдары енген бұл алым Қазақстан азаматтары Ресейден жаппай арзан көлік таси бастаған соң енгізді.

Германияда утилизация алымы – 100 еуро, Қазақстанда – 3 мың доллар. Неге қымбат? Мамандар мұны отандық автоөндірісті қолдау деп түсіндіреді. Алайда, «тек көлік құрастырады» деген аты бар бірді-екілі зауыттың өндірісі дамып жатыр ма? Тәуір көлік алғысы келетіндер айналып келгенде «Ресейдің «қаңылтыр» көлігін мініп жүрген жоқ па? Жаңа талап кімнің мүддесін көздейді?

ІІМ-нің орынбасары Марат Қожаевтың сөзінше, азаматтардың шағымы ескеріліп, «Жол үстінде қабылдау» акциясын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіледі. «Аймақтарда полицияның 516 кеңес бөлімшесі ашылды. Қазірдің өзінде шетелдік көліктерді тіркеу мәселесіне байланысты 6500 адам кеңес алды» деді. Оның айтуынша, Арменияда немесе Қырғызстанда 2014 жылға дейін тіркелген көлікпен Қазақстанда бір жылға дейін жүруге рұқсат бар.  1 жылдан кейін тіркеуге қою керек. Мәселен, Қазақстанға Армениядан әкелінген 26 мың көліктің көбі техникалық талапқа сай емес. Оларды рәсімдеу де қиын. Ал қоғам өкілі Арсен Шакуов: «Ресми мәлімет бойынша, өткен аптада шамамен 2 мың көлік қайтадан Армения шекарасынан өткен. Бәлкім, олар басқа жолын табуы керек шығар. Көлікті автобөлшек ретінде сатуға немесе утилизацияға беруге де болады» деген пікір білдірген. 

Айтпақшы, көлігімен әуре болғандар Арменияда тұруға ықтиярхат алып жатқан көрінеді. Олар Армения азаматтарымен бірге әр түрлі қулықтарды пайдаланып, сол жерде сатып алу үшін уақытша тұрғын мәртебесін алған деген  ақпарат желдей есті. Оның ішінде анықтамаларды әдеттегі рәсімдеуден бастап, Арменияда тұруға ықтиярхатқа теңестірілген уақытша тіркеу картасын алғандар да бар екен.   

Тегтер: