23 Желтоқсан 14:20

Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешуге рұқсат берілді

Фото:

Парламент Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге және емделуге пайдалану нормаларын қамтитын экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша заң қабылдады.

Алматы, NEGE. Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген бірқатар түзетулерді мақұлдап, заң жобасын қабылдады. Бұл заң жобасында, сонымен қатар зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы ереже де бар.

Жалпы, заң жобасы мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыруға және экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарында көзделген шараларды жүзеге асыруға бағытталған.

Мәселен, заң жобасында инвестиция тартудың жаңа құралы – инвестициялық келісім термині енгізіледі. Одан бөлек процедураларды оңтайландыру және МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі) тетіктерін жетілдіру қарастырылған.

Кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы жағдай жасау үшін "Бір терезе" қағидаты негізінде "Бизнес үшін үкімет" веб-порталын енгізу, сондай-ақ Іскер серіктестер тізілімін енгізу бойынша тиісті функция жүктеледі. Ал тамақ және жеңіл өнеркәсіпте салынып жатқан жаңа нысандар үшін инвестициялар шегі екі есеге азаяды.

Қаржы нарығының тұрақтылығына сәйкес синдикатталған несие беру тетігі жетілдіріледі. Бұл бірнеше банктер мен халықаралық қаржы институттарына қарыз алушыға бір келісім бойынша несие беруге мүмкіндік береді.

2021 жылдың басынан бастап зейнетақы қорының салымшылары жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу, емделу немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алады.

Бұған дейін, бірқатар норманы нақтылап, ішкі қарама-қайшылықты жою қажет болғандықтан, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алуға рұқсат ететін заң жобасын сенаторлар Мәжіліске кері қайтарған болатын. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев "Азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауға құқығы белгіленеді. Осы заң жобасында білім гранттарына берілетін квота да қарастырылған. Заң қабылданғаннан кейін ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз" деген болатын.

Тегтер: