4 Ақпан 08:49

«Ворлар» неге Қазақстанға құштар бола қалды?

Фото:
Кеше қылмыс әлеміне аты белгілі

«Серік Голова» – Серік Жаманаевтың ұсталғаны белгілі болды. ҰҚК мен ІІМ бірігіп жүргізген арнайы операция барысында Жаманаевпен бірге қылмыстық топтың тағы алты адамы құрықталған.

Кейбір деректерге қарағанда, Қазақстанда екі «заңдағы ұры» (вор в законе) бар. Олардың бірі – жоғарыда сөз болған «Серік Голова», екіншісі – Айтқали Маймышев («Леха Семипалатинский»).

Соңғы уақытта қылмыстық ортада «Дикий Арман» деген лақап атпен танымал болған Арман Жұмагелдиевтің «заңдағы ұры» деген атақтан дәмесі бар екені сөз болып жүр. Мұның рас-өтірігі алдағы уақытта анықтала жатар. Жұмагелдиевтің өзі қазір Түркияда тұрады. Әлеуметтік желіде өте белсенді. Қазақтың жігіттерін ауызбіршілікке шақыра бастағаны да түрлі-түрлі ойға жетелейді.

Өткен жылдың қара күзінде «заңдағы ұры» Айтқали Маймышевтің елге оралғаны белгілі болды. Оған YouTube желісіндегі видео дәлел. Бұған дейін ол да Түркияда тұрған.

Айтқали Маймышевтің лақап аты аз емес. «Леха Семипалатинский», «Леха Маймыш», «Титаник»... Ол туралы Nege.kz порталы «Батпайтын Титаник» деп аталатын көлемді мақала жариялаған.

Материал жарық көрерден тура бір ай бұрын – қараша айында Анкарадан ұшып келген «Маймышты» әуежайда арнайы қызмет тоқтатып, сұраққа алған. Өзінің «заңдағы ұры» екенін жасырмайтын Айтқали Маймушев «егер құқық қорғау органдары мазаламаса, Қазақстанда тұра беретінін, әйтпеген жағдайда Түркияға қайтып кететінін» мәлімдейді.

Маймышевке заң жүзінде Ресей, Украина және Молдовия мемлекеттері аумағына кіруге рұқсат етпейді. Қазақстанда өзіне тағылған айыптарға қатысты барлық жаза мерзімін толықтай өтеуіне байланысты, әзірге оған қатысты еш қылмыстық іс қозғалмаған.

Бізді мазалайтын сұрақ – бір кездері Қазақстаннан сыртқа кетіп үлгерген қылмыс әлемінің серкелері неге кейінгі кезде Қазақстанға құштар бола қалды? 90-жылдардағыдай елде қылмыстық топтар қайта бас көтере бастады ма, әлде бұлар баяғыша саясатқа араласқысы келе ме?..

Тегтер: