14 Шілде 18:44

Вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін вирус жұқтырған науқастар не істейді?

Фото:

Вакцина төңірегіндегі дау басылмай тұр. Вакцина салуды біреулер құптаса, енді біреулері салдырмауға үндеп жатыр. Тіпті, вакцина алғандардың да ішінде коронавирус жұқтырған науқастар бар. 

Қазір адамдардың көкейінде вакцинаға қатысты сан түрлі сауал туындауда. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вакцинаға қатысты өзекті сауалдарға мамандар жауап берілді.  

Вакцинаның тек бірінші компонентін алғаннан кейін коронавирус анықталса, не істеу керек? Өкінішке қарай, ондай жағдайлар тіркелген ресми деректер бар. Ол туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Саниятариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиал директоры орынбасарының міндетін атқарушы Манар Асырқызы баяндап берді.           

«Коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін вирус жұқтырған науқастар бар. Оның мониторингін Санитарлық-эпидемиологиялық комитет жүргізеді.  Егер вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін коронавируспен ауырып қалса, екінші компоненті сауығып шыққанша жүргізілмейді. Ол алты айдан кейін, дәрігердің жүргізген кеңесі бойынша екінші компонентін алуы мүмкін. Науқастың жағдайына байланысты дәрігермен бірге шешім қабылданады», – деді Манар Асырқызы.

Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Қожапова Роза Абзалқызының айтуынша, вакцинаның бірінші компонентін алған адамдардың арасында вирус жұқтырған 1 325 науқас тіркелген. Олардың барлығы симптомдарына байланысты ем алып жатыр. Ал симптомсыз ауырып жатқандар үй жағдайында емделуде.

Вакцинаның бірінші компонентін салдырған адам, жағдайға байланысты көшетін немесе іссапарға шығатын болса екінші компонентін басқа жерден салдыра ала ма? Мұндай жағдайда не істеу керек?

Мамандардың пікірінше, еліміз бойынша вакцинаны кез келген жерде алуға болады. 

«Қазақстан бойынша вакцинаның бірінші компонентін Алматы қаласында алып, екінші компоненттің уақытында еліміздің басқа қаласында болса, екінші компонентті сол қалада алуына кедергі жоқ. Ақпараттық база барлық жерде бірдей. Ал шетелге баратын болса, жағдай басқа. Сол себепті, елге оралған кезде ғана екінші компонентін алуына мүмкіндік бар», – дейді Манар Асырқызы. 

Тегтер: