31 Желтоқсан 11:58

Үміткер Ақтөбе мыс компаниясының қызметкерлерімен кездесті

Фото:

Аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Дәурен Молдашев Nur Otan партиясы аудандық филиалының қоғамдық штаб мүшелерімен бірге Көктау ауылында орналасқан Ақтөбе мыс компаниясының қызметкерлерімен кездесті.

Бүгінде екі мыңнан астам халқы бар Көктау ауылы қарқынды өсіп келеді. Ор өзенін бойлай орналасқан елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де жоғары. Өзеннің екі жағасын жалғап тұрған заманауи көпірдің ел игілігіне берілгеніне де онша көп уақыт бола қойған жоқ. Қазір ауыл балалары іші жылы әрі кең мектепте білім алады. Олардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін білім ордасында барлық жағдай жасалған.

Депутаттықтан үміткер Дәурен Молдашев партия мүшелерімен бірге ауылдағы өзге де әлеуметтік нысандардың жай-күйімен таныстты.

Қазір ауылда халық игілігі үшін фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, жергілікті тұрғындар сапалы медициналық көмекті тұтынып отыр. Бүгінде Көктау ауылында әкімдік ғимаратының құрылысы аяқталып келеді. Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Спорттық нысан келер жылы пайдалануға берілмек. Елді мекеннің даму жоспарында ауыл клубы құрылысы бар. Егер осы шара тиімді жүзеге асырылса, жаңа ғимараттың ауыл ажарын айшықтай түсетіні сөзсіз.
Сондай-ақ, биыл Көктау ауылындағы көшелердің бірқатары асфальтталды.

Партия мүшелерінің «Ақтөбе мыс компаниясы» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесуі жылы шырайда өтті. Себебі еңбек ұжымындағылардың дені — осы Көктау ауылының тұрғындары. Олар атқарушы билік тарапынан ауылда жасалған игілікті іс-шараларға дән риза екендіктерін білдірді.
Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Д.Молдашев кәсіпорын қызметкерлері мен жұмысшыларына партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.  

— Мәслихатта депутат ретінде 10 жылдан астам жұмыс жасаймын. Тәжірибем мол, күш-жігерім жетеді. Әлі де халық үшін депутаттық парызымды атқаруға дайынмын. Мен үшін ең маңызды  — ол елдің тыныштығы, ауызбіршілігіміз, ұлтаралық, дінаралық  түсіністігіміз. Бұл — менің сайлауалды  бағдарламамның негізгі мақсаты, — деді Д.Молдашев.

Үміткер жиналғандарға сайлауалды бағдарламасының мәні мен мазмұнын жан-жақты түсіндіріп берді.  Ол өз сөзінде Nur Otan партиясының және Мемлекет басшысының ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылықтың кепілі болған халықтар достығын, бейбітшілікті, еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік жақсаруын жан-жақты қолдайтындығын айтты. Сонымен қатар, үміткер халықтың әлеуметтік осал тобына, оның ішінде, мүгедектердің, ардагерлердің, көпбалалы отбасылардың, жетімдер мен жұмыссыздардың мүддесін қорғауға күш салатыны турасында атап өтті.

— Егер осы мансабымды әрмен қарай жалғастыратын болсам, әлеуметтік саланы жақсартуға күш салар едім. Әсіресе, жастар саясаты бойынша тиімді бағдарлама құруға жәрдемдесіп, стипендиялық бағдарлама арқылы жас таланттарды қолдау, жас кадрлар үшін жағдай жасау жөнінде нақты іс-шараларды жүзеге асыру да — бағдарламамда көрсетілген негізгі басымдықтардың бірі, — деді мәслихат депутаттығынан үміткер Д.Молдашев.

Кездесу соңында кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлер партия мүшелеріне сауалдар жолдап, нақты жауап алды.

"Nur Otan" партиясы Хромтау аудандық сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тегтер: