22 Қыркүйек 17:41

Ұлттық аударма бюросы: Министрлікпен арадағы дау немен аяқталды?

Фото:

Естеріңізде болса, Биылғы жылдың 12 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының талап-арызын қанағаттандырып, ҚР Білім және ғылым министрлігін аударма бюросының пайдасына 1 775 576 600 теңге (бір млрд жеті жүз жетпіс бес млн бес жүз жетпіс алты мың) төлеуге міндеттеген болатын. 

Білім және ғылым министрлігі сот шешімімен келіспеген. Редакция жолдаған сауалға министрліктің аппарат басшысы Қ.Сәрсембаевтан мынадай жауап келген еді:

«ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қорының Министрлікке қатысты талап арызы бойынша шығарылған Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен келіспейтінін және осы сот шешіміне апелляциялық шағым берілгенін хабарлайды», – делінген ресми жауапта.

Сот процессі қазір қалай жүріп жатыр? Осы дауға байланысты екі тарап ортақ шешімге келуі мүмкін бе?

Nege.kz порталының тілшісіне «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жауап берді. 

«Бұл туралы біз бірнеше рет мәлімет бердік. Ол үлкен ауқымды жоба болғаннан кейін құжаттары рәсімделуі керек. Оны мемлекет те қадағалап отыр, қоғамның да басты назарында. Сол себепті үтір-нүктесінің дұрыс қойылуы өте маңызды. Жобаны рәсімдеуге байланысты кейбір құжаттарға қатысты Білім және ғылым министрлігі тарапынан күмән туды. Аталған күмәнді шешу үшін сот билігіне жүгінді, сол жерде осы мәселе қаралды», – дейді Рауан Кенжеханұлы. 

Атқарушы директордың айтуынша, сот ісіне екі тарапты да қанағаттандыратын нүкте қойылған сияқты. 

«Мәселенің анық-қанығы анықталды, істің нүктесі қойылды. Ұлттық аударма бюросына бұл жобаға байланысты ешқандай сұрақ жоқ. Тапсырыс беруші ретінде Білім және ғылым министрлігі де өзінің күмәнді мәселелеріне жауап алып, іс толық шешілді. Бізде де осы мәселеге байланысты сұрақ жоқ. Сондықтан екі тарап ортақ шешімге келді», – деді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры.                        

Тегтер: