28 Тамыз 18:21

«Классикалық киім» VS мектеп формасы: Қайсысы тиімді?

Фото:

Індет алқымнан алғалы дүниенің бәрі қымбаттап кетті. Қазіргі жалақы азық-түлік пен дәрі-дәрмектен аспайтын болды. Ал жаңа оқу жылы дәстүрлі форматқа көшетінін естіген ата-ананың мазасы тіптен қашқан. Былтыр мектеп формасын сатып алмаған шиеттей баласы бар отбасы биыл қайтпек? 

Бұған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жауабы мынау болды: 

«Балалар мектепке ұқыпты классикалық киімдермен келе алады. «Мектеп формасы» деген түсінік пен оның ұстанымы және талаптары ешқашан жойылмайды.

Бірақ біз бұл бұйрыққа төтенше жағдай, карантин, шектеу шаралары және форс-мажор жағдайына байланысты арнайы тармақ енгіземіз. Дәл сол жағдайлар үшін біз балалардың еркін классикалық формада киініп келуіне мүмкіндік береміз. Егер ата-ананың мектеп формасын сатып алуға мүмкіндігі жетпесе, онда олар өз балаларын қарапайым классикалық киімдермен-ақ қамтамасыз етсін. Мұндай шешім дәл қазіргі жағдайда өте маңызды деп ойлаймын. Бұл жәй ғана нұсқаулық емес, бұл нақты нормативтік-құқықтық құжат». 

Дұрыс делік. Министрдің бұл шешімі індет кезінде ата-анаға салмақ болмасын деген жанашырлықтан туған шығар. Бірақ Аймағамбетов айтқан «ұқыпты классикалық киім» деген қандай киім?

Классикалық киім – алабажақ емес, біртүсті екені түсінікті. Бірақ мұндай классикалық киім мектеп жасындағы балалардың бәрінің киім сөресінен оңайлықпен табыла ма?  Айналып келгенде, ата-ана классикалық киім іздегенше, кәдімгі мектеп формасын сатып алмай ма? 1 қыркүйекте көпбалалы отбасының баласы  үйінен табылған классикалық киіммен барса, басқалар оған қалай қарайды? Бәрінде киім бірдей болмаған соң көзге бірден ұрып тұратыны анық. Сосын оқушылар арасында өзара алалау пайда болмай ма? Ал бәзбір оқушы «Мектеп формасы талап етілген жоқ» деп джинси мен алақұла жейде киіммен келсе ше? Бұл бала өзін оқушы емес, көшеде қыдырып жүрген адамдай сезінбей ме? 

Шынтуайтында, министрдің «классикалық киім» киюге рұқсат бергені жанашырлық емес, бос әурешілік сияқты. Кез келген ата-ана қандай жағдай болмасын баласына мектеп формасын алып береді. Бұдан да қиын заманда солай болған, қазір де. Мектеп – білім беретін мекеме. Мұнда бекітілген ортақ талап пен ереже бар. Оқушының оқушы екені киімінен танылуы тиіс. Сондықтан барлық балаға бірдей мектеп формасын, бірдей киім үлгісін талап ету керек сияқты.

Nege.kz тілшісі министр Аймағамбетов айтқан «ұқыпты классикалық киімнің» қандай екенін Білім және ғылым министрлігінен білгісі келген. Бізбен тілдескен баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиеваның пікірі мынадай:  

«Мектеп формасын ешкім алып тастаған жоқ. Бірақ ата-ананың әлеуметтік жағдайы төмен болса, балаларына классикалық киім кигізуіне болады. Яғни, бір түстегі киім. Қазір ата-аналар әртүрлі пікірде. «Бұл баланы алалауға әкеледі» дейтіндері де бар. Енді бірі «карантин кезінде дүкен аралауға уақыт жоқ. Бәрі сағат 5-ке дейін ғана жұмыс істейді. Біз мектеп формасын ала алмаймыз» дейді. Біз сондай ата-аналардың жағдайын ескердік. Оның үстіне пандемия кезінде жұмыссыз қалғандар көп.

Олар да мектеп формасын алатын мүмкіндік жоқ екенін айтып отыр. Біз әртүрлі пікірді қарап, тыңдап отырмыз. Айта кету керек, классикалық киім осы оқу жылына ғана рұқсат».   

Дәл осы сауалды Алматы қаласының Білім басқармасына да қойдық.   

«Конституцияның 22-бабына сәйкес әрбір азаматқа ар-ождан бостандығы құқығы берілген, бірақ бұл құқықты жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауы немесе оларды шектемеуі тиіс. 

Оқытудың зайырлы сипатын іске асыру және жалпы білім беретін мектептерде білім алушылар арасындағы әлеуметтік, мүліктік және өзге де айырмашылықтар белгілерін жою мақсатында жаңа оқу жылында орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау бойынша жұмыс жалғастырылатын болады (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы). 

Сонымен қатар, қалыптасқан эпидемиологиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, орта білім беру ұйымдарына іскерлік, классикалық стильде ыңғайлы киіммен баруға рұқсат етіледі. 

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 47-баптың 15-1-тармақтарына және 49-бабы 2-тармағының 7-тармағына сәйкес білім алушылар, олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері білім беру ұйымында белгіленген киім нысанын сақтауға міндетті. 

Бұл талаптар азаматтардың заңнамада белгіленген құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін бұзбайды. 

Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімі бойынша білім беру ұйымдарының дәстүрлі оқыту форматына көшуіне орай міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар және оны ата-аналардың сатып алу қажеттілігі толық көлемде қалпына келтіріледі. 

Оқу орындары әкімшіліктерінің белгіленген киім нысанын, сондай-ақ ішкі тәртіп қағидалары мен Жарғысының (шарттың) тиісті нормаларын сақтау туралы талаптары заңды болып қалады». 

Мына жауаптан ұққанымыз – бұл талап оқушыларыдң құқығын бұзбайды, алалауға әкелмейді. Әрине, мұны уақыт көрсетер. Ертенгі күні киім үлгісіне қатысты дау туындамайтынына да кепілдік жоқ. 

Аятжан Ахметжан, №51 мектеп-гимназиясының директоры, «QAZBILIM» орталығының жетекшісі: 

Мектеп формасы – әлеуметтік жағдай төмен отбасылар үшін керек

– Менің көзқарасымда мектеп формасын міндеттеу керек! Мектеп формасының болуы, ең алдымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін керек. Әйтпесе, өткен жылы кезекші сыныптардағы жағдайлар шын ойландырды. Қымбат киімдердің жарысы, классикалық үлгі дегеннің өзін ақшасы бар жұрт мың құбылтып киінді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен балалар жасиды. Сондықтан жалпы мектеп формасын міндеттеу керек, бұл – жеке пікірім. Мектеп формасы мектептегі көп тәрбие үшін аса маңызды. Оны таратпасам да түсінікті. 

Сосын тағы бір нәрсені ескеру керек. Қазір оқушылар арасындағы ең үлкен мәселе – смартфондардың жарысы. Өңірлерде қандай екенін білмеймін, үлкен қалаларда смартфонның соңғы үлгісімен жарыс сұмдық енді. Кітап алуға, оқу құрал жабдығына көмек сұрап келген, киіміне көмек сұрап келген, мемлекеттік көмектерге құжат тапсырып жүрген ата-аналардың талайының балаларының қолынан ең соңғы үлгідегі смартфонды (IPhone 12, pro, т.б.) көргенде түсіне алмаймын.

Өткен жылы мектептен планшет, ноутбук сұрап келген ата-ананың баласының қолынан соңғы үлгідегі IPhone көріп те түсінбей қалғам. Шын мәнінде, бұл – мектептегі ең ауыр мәселенің бірі. Себебі, үлкен жарыс. Бала ата-анасына жыласа да, айғай шығарса да алдырады. Кей ата-аналар беске оқысаң, алып берем деп ұтысқа тігеді. Ол оқушы жылап-сықтап баға сұрайды сосын. Мүлде шамасы келмейтін балалар ше, көңілі түседі, жасиды, қорланады. Кей оқушылардың қылмысқа баруына түрткі болуы да мүмкін. Не істемек керек? Біздің ойымызша, бұған да белгілі бір стандарт керек секілді. 

 Шолпан, ата-ана: 

Мектеп формасы баланың ішкі мәденетін қалыптастырады

– Меніңше, мектеп формасын киюдің өзі – баланың ішкі мәдениетін қалыптастырады. Ол осы киімді киіп жатып оқушы екенін және білім ордасына бара жатқанын сезінеді. Ал әркім өзінде барды кисе, біріншіден, бала өзін оқушы ретінде сезіне алмайды. Екіншіден, киім бәсекесі қалыптасады. Ауқатты үйдің баласы барын киіп, бақанын қолына алып шығады. Тіпті, қымбат кәстөм-шалбар, бағалы көйлек-жейде, шетелдің бренд туфлиін іздеп жүріп табады немесе ата-анасына таптырып киінеді. Ал бір үйден бірнеше бала мектепке барса, қалағанын кие алмаған баланың психологиясында өзгеріс болмауы мүмкін емес. Сондықтан сол мектеп формасын кие берген дұрыс.   

Мектеп формасын талап етпеу ата-ананың қамын ойлағаннан туған жанашырлық па? Шынайы жанашырлық – барлық балаға бірдей мектеп формасын, бірдей киім үлгісін талап ету. 

Тегтер: