26 Маусым 12:20

Түркістан облысынан тас ғасырының тұрғындары табылған

Фото:

Түркістан облысында тас ғасырының тұрғындары бар. Жарыққа жарымайды, өркениет, мәдениет дегенді айтпай-ақ қояйық, ауруханасы жоқ ауыл. Төңкеріс деп аталады. Оқушылары каникулға елден үш ай ерте шыққан. Өйткені онлайн оқыған жоқ.

Алматы, NEGE. 60 жыл бұрын тартылған электр желісін жөндей алмай жатқанда 4G қайдан болсын? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Төңкеріс Жарты төбе ауылдық округіне қарайды. Үш мыңдай тұрғын бар. Тұрғындар ең алдымен көшелердегі электр желісін жаңарту қажет, дейді. Себебі өткен ғасырдың 60-шы жылдары тартылған желілер әбден тозған. Бағаналар қисайып, құлаудың әзер алдында тұр.

Электр бағаналарын әркім шамасы келгенше өз бетінше орнатып, желілерді тартып алған. Алайда, ол жел тұрса болғаны, сөніп қала береді, дейді. Тоқ қайта-қайта үзеле бергендіктен, үйдегі тұрмыстық техникалар жиі істен шығатын көрінеді. Жұрт несиеге алған мұздатқыш пен теледидарларын жыл өтпей жатып, жаңартуға мәжбүр.

Жұрт ауылда мәдени ошақтың болғанын қалап отыр. Түрлі үйірмелер жұмыс істесе, жастар өнерге бет бұрар ма еді дейді. Қала берді, басы ауырып, балтыры сыздаған жандарды емдейтін орталықтың да ашылғанын армандайды. Осы мәселелердің бәрін қағаз бетіне түсіріп, облыс әкіміне дейін хат та жолдапты. Бірақ, жауабы көңіл көншітпеген.

Ауылдағы ағайынның аманатын ауыл әкімі жақсы біліп отыр. Бірақ, барлық мәселе қаржыға келіп тірелетінін ескерсек, кезең-кезеңімен іске асады, дейді.

Төңкерісте интернеттің де жайы мәз емес. Кешегі қашықтықтан оқыту кезінде оқушылар қатты қиналыпты. Сабаққа онлайн қатыса алмай, қыр жағалап кеткендері өз алдына, кейбірі туған туыстың үйлеріне барып оқыған. Қорыта айтқанда, бұл проблема кеше басталған жоқ. Ұзақ жылдардан бері шешілмей келеді. Сондықтан, ауыл тұрғындары енді тілшілерден көмек сұраудан басқа амалымыз қалмады дейді.

Тегтер: