9 Маусым 11:45

Түркістан облысында шектеу шараларының мерзімі ұзартылады

Фото:

Түркістан облысының аумағында карантиндік шектеу шаралары коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

Алматы, NEGE. Сәкен Қалқамановтың айтуынша, 8 маусымдағы жағдай бойынша облыста коронавирустық инфекцияның расталған 400 жағдайы тіркелген. Қауіпті індеттен 257 адам жазылып, ауруханадан шығарылған. «Инфекцияның жұқтыру көздері бойынша 84 науқас жұқпаны сырттан әкелген. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласынан-1, Ақтаудан-1, Атыраудан-31, Алматыдан-2, Шымкенттен-2, Қызылорда-1, Павлодардан-1 және Ресейден келген-5, Туркиядан келген-1, Өзбекстан-37, Жезқазған-2 адам бар. Біз бұл індеттің таралмауына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, брифингте сөз алған облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов карантин режиміндегі бірқатар шараларды атап өтті. «Облыс аумағында 2 және одан да көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде бетпердені міндетті түрде тағу қажет. Қоғамдық орындарда адамдар арасындағы ара қашықтық 2 метрден кем болмауы тиіс. Маскалық режимді сақтай отырып саябақтарда, алаңдар мен скверлерде, жағалауларда азаматтардың серуендеуіне рұқсат етіледі. Отбасылық іс-шараларды өткізуге және мұндай жерлерде топталып жиналуға тиым салынады. Ал, жерлеу іс-шараларын жүргізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 20 адамға дейін ғана жиналуына рұқсат етіледі», – деді Н.Нышанов.

Сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сауда, ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың және мал базарларының қызметіне тиым салынды. «Карантин кезінде сақтық шараларын сақтай отырып, бірқатар мекемелердің жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Атап айтқанда, тұрғындарға медициналық орталықтарға, стоматологиялық клиникаларға, сұлулық салондарына, шаштаразға алдын ала жазылу арқылы баруға болады. Сондай-ақ, азық-түлік және басқа да базарларының жұмысына сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін шектеу қойылды. Құрылыс дүкендері, оптика, гүл дүкендері, зоомагазиндері де белгіленген уақытпен жұмыс істейді. Ал, техникалық қызмет көрсету станцияларының, көлік жуу орындарының, шиномонтаждау, автобөлшектер дүкендерінің, автосалондардың жұмысы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін деп белгіленді», – деді Нұрбек Нышанов.

Карантиндік шектеулерге сәйкес, 50 орынға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары және басқа да халыққа қызмет көрсету жөніндегі нысандары сағат 10.00-ден 22.00-дейін жұмыс істейтін болды. Балабақшаларға санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші топтарға балаларды қабылдауға рұқсат берілді. Сондай-ақ, балалар үйлерінің балаларын жазғы сауықтыру үшін Түлкібас ауданындағы «Самал» балалар сауықтыру лагерінің және тек қана Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен балаларды жазғы сауықтыру үшін Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» сауықтыру лагерінің жұмысына рұқсат етілді.

Тегтер: