5 Маусым 11:22

Триллиондардың есебі: Қазақстандағы ірі зауыттар

Фото:

Әлем экономикасын бірқалыпта ұстап тұрған – өндіріс ошақтары. Өндіріс, зауыт кез келген мемлекет экономикасын өркендетіп жіберуге қауқарлы. Бұған шығыстағы көршіміз ҚХР дәлел.

Ел ішінде «Қазақстанда зауыт жоқ, тек қана шикізатты сатып отырмыз» деген біржақты пікір бар. Қазақстанда соңғы отыз жылда қыруар қаржыға жүзден астам зауыт салынғанын білесіз бе?

Атырау мен СҚО облысын есепке алмағанда, өзге өңірлерге 4 триллион 356 миллиард 65 миллион теңгеге ірі өндіріс ошақтары салынған.

«Елдегі зауыттардың көбі отандық және шетел инвесторларының қаржысына салынды», – дейді мамандар. Біз бүгін тұрақты жұмыс істеп тұрған зауыттар жайлы сөз қозғаймыз.

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс – табиғаты шұрайлы, өмір сүруге қолайлы облыстардың бірі. Өңірде соңғы 30 жылда 693,6 млрд теңгеге 11 ірі жоба іске асты. Әкімдіктің мәліметінше, агроөнеркәсіп және тау-кен металлургиялық кешені, энергетика мен металлургия, құрылыс, атом өнеркәсібі бағытында өндіріс орындары ашылған.

Мыс рудасын өндіретін тау-кен металлургиялық кешені – өңірдегі ең қымбат жоба. Кешен құрылысына 364 млрд теңге жұмсалған. 2017 жылдан бері 1,5 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

Шымкент қаласы

Елдегі үшінші мегаполисте механикалық инженерия, мұнай химиясы,  жеңіл өнеркәсіп бағытында ірі 5 зауыт жұмыс істейді. Олардың құрылысына 660,3 млрд теңге жұмсалған. Аталған зауыттарда 1,8 мың адам еңбек етуде. 

Шымкенттегі жобалардың ең ірісі – мұнай өңдеу зауытын қайта құру. Ол үшін 580,39 млрд теңге қажет болған. Осының арқасында кешен 2018 жылдан бері 6 млн тонна өнім өндіретін қуатқа ие болды.

Павлодар облысы

Тәуелсіздік жылдарында облыста 8 ірі өндіріс орны ашылды. Жалпы құны 588,2 млрд теңгені құраған жобалар бүгінде 4,7 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

Оның ең ірісі тау-кен және қайта өңдеу кешенінінің құрылысы. Құрылыс жұмыстарына 406,04 млрд теңге кеткен. 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығынан бері 1,5 мың адамға жұмыс істейді.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысындағы 5 зауыт құрылысына 436 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ұсынылған деректерге сүйенсек, газ өңдеу зауыты-2 – ең көп қаржы жұмсалған жоба.

Үш кезеңнен (2008 жыл, 2015 жыл, 2018 жыл) тұрған құрылыс шығыны шамамен 151 млрд теңге. Кешенде жыл сайын 500 мың тонна жеңілдетілген газ, 4 млн тоннан тауарлық газ бен 3 млн тонна мұнай өңделеді. Одан бөлек өнімдер Нидерланд, Қытай, Франция мемлекеттеріне экспортқа жіберіледі.

Маңғыстау облысы

Облыста соңғы 10 жылда химия өнеркәсібі мен мұнай өңдеу саласынан бөлек, туризм, транспорт және логистика саласына ерекше көңіл бөлінді. Мемлекеттік құрылымдардың дерегінше, 9 жобаны іске асыру үшін инвесторлар 375,4 млрд қаржы құйған.

Соның бірі Ақтау қаласындағы туристік және қонақ үй кешенінің құрылысына 68 млрд теңге қаржы жұмсалған. Түрік инвесторлары қаржыландырған жобаның екінші кезеңі өткен жылдың қараша айында басталды.

Ақмола облысы

Ақмолада тәуелсіздік жылдары жалпы құны 351,3 млрд теңгеге 9 өндіріс ошағы бой көтерді. Қазір 5,1 мың адам жұмыс істеуде.

Ең көп инвестиция жел электр станциясына салынды. 79,7 млрд теңге жұмсалған жобада 40 адам еңбек етеді. Қуаттылығы – 100 МВт.

Батыс Қазақстан облысы

Облыстық әкімдіктің дерегінше, өңірде 263,3 млрд теңгег 10 жоба жүзеге асқан. Ол өндіріс ошақтары мұнай өңдеу саласында, құрылыс индустриясында, энергетика, агроөнеркәсіптік кешендер мен химия өнеркәсібі, механикалық инженерия бағытында табысты еңбек етуде.

Жалпы, 733 адам осы зауыттарда жұмыс істейді.

Алматы облысы

Ең үлкен 10 кешеннің құрылысына 186,1 млрд теңге қажеет болған. Қазақстан, Ресей, Түрік, Француз, Кипр, Қытай мен Сингапур елінің инвесторлары қаржыландырылған өнеркәсіп ошақтарында бүгінде 2,9 мың адам нәпақасын тауып жүр. 

Ең көп қаржы (43,7 млрд теңге) цемент зауытының құрылысына кеткен.

Қарағанды облысы

Қарағанды табиғи қазба байлықтарға бай өңір. Облыста 186,3 млрд теңгеге 8 кәсіпорын бой көтерген.

Соның ең қымбаты «Көктасжал» кен орнындағы арнайы база. Оның құны – 63,13 млрд теңге. 2016 жылдан бері жылына 3 млн тонна мыс өндіріледі.

Түркістан облысы

158,3 млрд теңгеге 11 өндіріс орнын салған Түркістан облысында 2,2 мың адам зауыттарда жұмыс ітсейді. Олардың дені тамақ, жеңіл және агроөнеркәсіпке бағытталған. 

Ең қымбат құрылыс нысаны ретінде халықаралық әуежай айтылады. Оны түрік инвесторлық комапниясы 72,4 млрд теңгеге салған.

Нұр-Сұлтан қаласы

Елордада тәуелсіздік жылдары 9 ірі өндіріс ошағы ашылды. Олардың жалпы құны – 130,7 млрд теңге. 

Ең қымбат жоба (28,6 млрд теңге) – ірі панельді темірбетон бұйымдары комбинаты. Өндіріс қуаттылығы – 134 мың шаршы метр өнім. Яғни, жылына 200 мың шаршы метр үй салуға болады. Комбинатта 2016 жылдан бері 31 адам жұмыс істейді.

Қызылорда облысы

Сыр өңірінде 129,2 млрд теңгеге 6 өндіріс салынған. Олар 1,28 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ең ірісі құрылысына 64 млрд теңге кеткен цемент зауыты. Зауыт қытайлық компанияның қаржыландыруымен 2016 жылы ашылған. 260 адам еңбек ететін зауыт жылына 1 млн тонна өнім беруге қауқарлы.

Жамбыл облысы

Өңірде 80,4 млрд теңгеге 6 өндіріс ашылған. 1,5 мың адам осы зауыттарда жұмыс істеуде.

Соңғы 30 жылда ашылған ең ірі өндіріс ошағы – цемент өңдеу зауыты. Құрылыс жұмыстарына 34,9 млрд теңге жұмсалған. Зауыт жылына 1,2 млн тонна цемент өндіре алады.

Қостанай облысы

Өңірдегі өндіріс орындарының дені қара металлургия, механикалық инженерия мен агроөнеркәсіптік кешендерге бағытталған. Қолда бар дерекке сүйенсек, бүгінгде Қостанай аймағында 9 үлкен өндіріс жұмыс істеп тұр.

Олардың жалпы құны – 53,35 млрд теңге. Облыстың 2,2 мың тұрғыны осы кешендерде жұмыс істейді.

Алматы қаласы

Оңтүстік астанамызда сауда, білім беру, өнеркәсіп және тағы басқа салаларға саласына бағытталған 5 ірі жоба іске асырылған. Олардың жалпы құны – 58,2 млрд теңге.

Оның ең қымбаты индустриялық аймақтағы зауыттар. Оның ішінде – автозауыт. Құрылыс жұмыстары 28 млрд теңгеге бағаланған. Жылдық қуаттылығы бірінші кезеңде – 30 мың бірлік, екінші кезеңде – 45 мың бірлік.

Солтүстік Қазақстан облысы

Өңірде 5 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Әкімдіктің мәліметінше, ең негізгі жоба ұн және макарон өнімдеріне арналған зауыт.

Аталған кәсіпорын 100 млн АҚШ долларына салынған. 1998 жылы шетелдік инвесторлар қаржыландырған зауыт тек отандық бидайды пайдаланады.

Атырау облысы

Мұнайлы өлкеде тәуелсіздік жылдары 5 бірдей жоба жүзеге асқан. Оның басым бөлігі мұнай өңдеу, химия өнеркәсібімен тығыз байланысты.

Жаңа зауыттар 10,2 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Теңіз мұнай кен орны мен Қашаған шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып, тәп тәуір қаржы тартқан. Бірақ, ресми дереккөздерде облыстағы зауыттарға қанша қаржы жұмсалғаны көрсетілмеген.

Тегтер: