Төрт айдан бері ауруханада жалғыз жатқан сәби әкесімен қауышты
Тәңірбергеннің туыстары бұл жайтты ертерек білгенімізде, мұндай күйге түсірмейтін едік дейді.
Алматы, NEGE. Төрт ай бойы ауруханада ата-анасын асыға күткен Тәңірберген бүгін туыстарымен табысып, әкесімен қауышты. «Алматы» телеарнасы арқылы аталмыш жайттан хабардар болған сәбидің туыстары бұл туралы ертерек білгенімізде, мұндай күйге түсірмейтін едік деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Туыстарының айтуынша, баланың әкесі Мейірбек туыстарымен соңғы уақытта араласпаған. Оның үстіне, баласы барын да айтпады деп жыларман болып отыр. Ал бөбегімнен бас тартпаймын деген әке бүгін №2 емханада 4 ай бойы жатқан екі жасар нәрестесімен қауышты. Оның айтуынша, енді баланың тиісті құжаттарын толық рәсімдегенше, заңгермен кеңеспек.
«Теледидардан әкесі тастап кетіпті деп көрсетіп жатыр, негізі тым әсірелеп жіберген. Өтірік ол, мұндағы дәрігерлердің бәрі көріп жүр ғой, мен ай сайын келіп тұрамын, баламды көріп тұрамын. Қолымнан келгенше, әрине. Ол менің балам. Кім ір өз баласын тастап кете салады екен. Өз балам, өзім асырағым келеді. Ол әйелімді немес басқаны кінәлаудың пайдасы жоқ, бала маған керек», - дейді Тәңірбергеннің әкесі Мейірбек Тілепбаев.
Мейірбек «мейІрімсіз әке мен емес, тек күйсіз жүріп күнелткесін баламды өзіммен алып жүре алмадым» деп отыр. Оның үстіне, әйелінің із-түзсіз жоғалып кеткенін, баласын жұмысқа ертіп барып жүргенін де айтты. Сөйтіп жұмыстан келе жатқанында полицейлер ұстап әкетіп, баламнан ажырап қалдым деп мұңын шақты. Ал заңгерлер Мейірбекке қатысты ешқандай іс қозғалмады, сондықтан баланы қайтарып алуына толық мүмкіндігі бар дейді.
«Әкесі келді, баласын көрді, жағдайын білді, бізден кеңес алды. Біз өз кезегімізде ары қарайғы жағдай қалай болатынын түсіндіріп, тиісті кеңестерімізді бердік. Баланың туу туралы куәлігі алынды. Енді балалар үйіне аударылды», - деді заңгер Рүстем Балтабаев.