25 Маусым 12:13

Тоқаев: Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп жүретін заман емес

Фото:

Республикалық «Ана тілі» басылымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланған болатын.

Алматы, NEGE. Аталған басылымда Мемлекет басшысы халықты еңбекке баулу, техниканың тілін меңгеріп, жаңа технологияны игерудің маңызды екенін атап өткен. 

«Бұл – өте күрделі әлеуметтік мәселе. Оны шұғыл шешпесе болмайды. Еңбекке баулу идеологиясы атақты ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында барынша көрініс тауып, алдыңғы қатарда насихатталуы керек деп санаймын. Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» - деді Тоқаев.

«Өкінішке қарай, кейбір жағдайда біздің еңбекке байланысты қарым-қатынасымызға сыни көзқараспен қарайтындар аз емес. Бұл жағдай менің көңіліме қаяу салады. Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы қажет. Сондықтан мен «Халық алғысы» деген мемлекеттік награда тағайындадым. Ал еңбектегі табысы үшін берілетін «Еңбек Даңқы» орденінің мәртебесін көтеру жөнінде шешім қабылдадым.

Былтыр Ақордаға мекемелер мен ауылдардағы қарапайым жұмысшыларды арнайы шақырып, марапаттадық. Біз осындай еңбек адамдарына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасауымыз қажет. Сол арқылы өскелең ұрпақ қоғамның құрметіне бөлену үшін жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленбей-ақ, өз ісін тыңғылықты, мұқият атқарса жеткілікті екенін түсінуге тиіс. Үкімет менің тапсырмам бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасын әзірледі. Оны іске асыру үшін шамамен 1 триллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Жақында мен Үкіметтің уақытша жұмыс орындарын ашуға ғана әуес болып, тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашуды назардан шығарып алғанын сынға алдым. Бүгінде біздің елде 2 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Жұмыссыздар саны да көп», - деді президент.

Тегтер: