19 Қараша 10:44

Теологтар түрмедегілермен кездесті

Фото:

Жамбыл облысында теологтар түрмеде ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізді.

Алматы, NEGE. Жамбыл облысында қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде теріс діни ағымдармен күрес күшейді. Облыс әкімдігінің жанындағы «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» мекемесі жазасын өтеуші азаматтар арасында радикалдық діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында кешенді іс-шараларға мән беріп отыр.

«2020 жылдың  маусым айынан бастап Жамбыл облысы әкімдігі  КММ-нің тапсырысы бойынша Жамбыл облысы ҚАЖД мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтармен жұмысқа айырықша мән беріп отыр. Аталған шараларға облыстағы жоғары білімді, білікті теолог, дінтанушы, исламтанушы мамандар тартылды. Мамандар тарапынан, жазасын өтеп жатқан азаматтардың бойына имандылық, тәртіп, кішіпейілдік сияқты адамгершілік қасиеттерді дарыту мақсатында   «Иман мен исламды кеңінен түсіндіру», «Матруди сенімін баяндау», «Уақыттың қадірі», «Діннің мақсаты – халифат құру емес», «Адамдарға зиян берудің қатері», «Ислам – ынтымақ діні», Матруди ақидасы» және т.б. діннің өзекті тақырыптарында  150-ге жуық кездесулер өткізілді»,- делінген хабарламада.

Жоба авторлары сотталушылар арасындағы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінің докторанты Нұржан Стамбакиевті, «Ақ-ниет» ақпараттық түсіндіру және оңалту орталығының   теологы Таңат Тілманбетовті, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі Мақсат Қайырғалиевті, Павлодар облыстық конфессияаралық қатынастарды дамыту және сараптау орталығының директоры Гүлназ Раздықова сынды елімізге белгілі, тәжірибесі мол мамандарды тартқан. 

Дін ғалымдары мен психологтар жазасын өтеушілерден тыс қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлерімен  де жеке кездесулер өткізіп, теріс ағымның кесірі  туралы дәрістер оқыған. Жоба аясында жергілікті және республикалық газеттер мен сайттарда дін саласының өзекті тақырыптары төңірегінде 10-нан астам мақалалар жарияланған. 

Тегтер: