26 Сәуір 08:31

Таразды тітіреткен Маратенок

Фото:

Бұл оқиға кезінде талайды көрген жамбылдық тісқаққан тергеушілердің өзін бас шайқатқан. Үш инкассатордың қайғылы өлімі, із-түссіз жоғалған миллиондар... Қанқұйлы қылмысты Тараздың сол тұстағы ең қатігез, ең жас қылмыстық серкелерінің бірі Марат Әбдуәлі – Маратенок ұйымдастырған. Ол кезде оның жасы 28-де еді. Бандалық топтағы өзге сыбайластардың да жастары шамалас болатын.

«Кировские», Қырықбаевтар және Маратенок

Марат Әбдуәлі облыс орталығы Тараздың іргесіндегі жергілікті жұрт «За линией» атап кеткен ауданда өсті. Әбдуәлінің тобымен өңірдегі атышулы топтар «Кировские» мен ағайынды Қырықбаевтардың өзі санасатын.

Маратенок өскен «За линией» ауданы – темір жолдың арғы беті. Жергілікті халық «Шанхай» атап кеткен ауданмен шектеседі. Бұл екі аудан да Таразда қылмыспен аты шыға қоймаған. Өйткені мұнда тараздық жастар жиі есеп айырысатын көңіл көтеру орындары жоқ. Негізінен қылмыстық топ жетекшілері мен топ мүшелері қаладағы Киров көшесінің бойында тұратын. «Кировские» деген атау да осыдан шыққан.

Маратеноктың балалық шағы 90-жылдарға, жастық шағы 2000-жылдарға тура келді. Бұл тұста Таразда балалар мен жастар арасындағы қылмыс өршіп тұрған. Өйткені қалада қылмыстық дәстүр бекем еді. 40-50 жыл бұрын Жаңажамбыл фосфор зауыты, басқа да ірі нысандар салынған кезде жұмыс күші ретінде сотталғандарды әкелген. Жалпы, Жамбылдың өзі зэктердің қолымен тұрғызылған қала. Киров көшесінің соңында қатаң режимдегі колония бар. Онда жазасын өтегендердің көпшілігі қалада немесе облыс аумағында қалып қоятын. Жергілікті көнекөздердің айтуынша, осы жағдай Жамбыл облысындағы қылмыстық жағдайға әсер еткен.

Маратенок бала күнінен қатігездігімен, шарт мінезімен және ақылымен ерекшеленіпті. Егер ол дұрыс жолда тағдағанда, кім біледі, басқа салада жетістікке жетер ме еді. Алайда болар іс болды. Бұған дейін Марат Әбдуәлінің Тараздағы түрмеден қашам деп жазым болғанын баяндағанмын. Биіктен құлап омыртқасы мен ішқұрлысын зақымдап, бірнеше тәулік азап шегіп жатып өлді.

Облыстағы шағын кәсіп иелерін «сауып» отыру жалықтырса керек, Маратенок ірі ақша табу үшін асқан қатігездікке баруды көздейді. Олар қылмысқа ұзақ дайындалған. Қылмыс жасардан бір жыл бұрын, 2005 жылы «Валют-Транзит банк» АҚ-ның инкассаторлық қызметіне өзінің сыбайласы, Тараз қаласының 1976 жылғы тумасы Жұмабек Ахметовті кіргізеді. Оның міндеті жұмыс барысын, көлік бағыттарын, қай уақытта қанша қаржы тасымалданатынын зерттеу еді.

Айтбақының аянышты тағдыры

Тонау мен үш инкассатордың өмірін қиған қылмыс 2006 жылы жасалды. Ол кезде республикалық «Литер» газетінің арнайы тілшісі едім. Оқиғаға байланысты қалай ақпарат жинағаным әлі есімде. Біз, журналистер «Валют-Транзит банк» төңірегіндегі оқиғаларға қатысты тақырыптарды көтердік. Қаржы институтының шаруасы 2006 жылы желтоқсанда шатқаяқтай бастаған. Қазақстанның барлық қалаларында бөлімшелері бар банктің иесі 1958 жылы туған белгілі кәсіпкер Айтбақы Зейнекенұлы Біләлов еді. 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында ол ірі кәсіпкерге айналды. Кейін саясатқа да араласа бастады. Өзін меценат және ақын ретінде көрсетті. Новосібірде оқу бітіріп, Мәскеуде аспирантурада оқыған. Экономика ғылымдарының кандидаты, Мәскеу ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, Ресейдің инвестиция және экономика академиясының корреспондент-мүшесі. Кейін аты-жөнін Андрей Беляев деп өзгерткен.

А.Беляев

1994 жылы Беляев Қазақстанға келді. «Валют-Транзит» деп аталатын ақша айырбастау пункттерін ашты. Екі жылдан кейін «Валют-Транзит банкті» құрды. 1998 жылы Қазақстандағы тұңғыш мемлекеттік емес «Валют-Транзит фонд» зейнетақы қорының жарғылық капиталы 110 млн теңге болған. Бірнеше жыл бойын Беляев құрған қаржылық компаниялар тұрақты өсім көрсетті. Одан кейін әлдекімнің жолын кесіп кетсе керек, 2006 жылы тергеу басталып, 2007 жылы 3,5 жылға сотталды. 2010 жылы кесілген мерзім бітуі керек еді, бөтеннің мүлкін ұрлау, жалған кәсіпкерлік, жалған құжат жасау, т.б. қосымша айып тағылып, 2011 жылы тағы 10 жыл жамап алды. 2012 жылы шілдеде ол мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазғанымен, түрмеден босатқан жоқ. 2013 жылы денсаулығы күрт нашарлап, жүрек талмасынан көз жұмды...

Бандиттер ме, «сақалдылар» ма?

2006 жылғы оқиғаға қайта оралайық. 2006 жылы 20 маусымда үш инкассатор – Виктор Баклагин, Ерлан Бекбергенов және Жұмабек Ахметов мемлекеттік нөмірі М 482 CF «Нива» қызметтік көлігімен Шу қаласынан Таразға шығады. Олар соңғы рет кеңсемен 14:20-да, Шу бөлімшесінен шығарда хабарласқан. Кешкі 19:00-ге дейін келуі тиіс көлік сол күйі жетпеді. Күзетшілердің ұялы телефондары өшіп тұрды. Алғашқыда банктің қауіпсіздік қызметі жоғалған көлік пен қызметкерлерін өз күшімен іздемек болған. Алайда мұнысынан ештеңе шықпағандықтан полицияға хабар береді.

Қылмыстық іс материалы

Полиция тексерген ең алғашқы болжам мынау: инкассаторлар ақшаны өздері ұрлап, қашып кетуі мүмкін. Алайда көлік ұшты-күйлі жоқ, инкассаторлардың да өлі-тірісі белгісіз. Көлік бағытымен тікұшақ барлаған, ІІД жай-жапсарды хабарлағандарға миллион теңге сыйақы да тағайындады. Нәтиже жоқ.

Үшінші тәулікке ауғанда қалың қамыс арасында тұрған инкассатор көлігін жергілікті тұрғын байқайды. Алматы – Ташкент тас жолынан 800 метр қашықтыққа, қамыс арасына апарып жасырыпты. Сол күндері күн ерекше ысып кеткен. Күндіз +35 градусқа дейін көтерілді. «Ниваның» есік-терезесі жабық. Инкассаторлардың денесі бұзыла бастапты. Көліктің есік-терезесін ашқанда ісініп кеткен денелердің сасық иісі жарты шақырым аумаққа жайылған.

Қамыс арасынан табылған "Нива"

Алдыңғы жолаушылар орындығында бүк түсіп Бақбергенов жатқан. Ахметов пен Баклагиннің денесі артқы орындықта болған. Барлығы да оқтан ажал құшыпты.

Инкассатордың өлі денесі

Банктің мәліметінше, бандиттер 32 миллион теңге салынған қапшықты әкеткен. Бір қызығы, көлік «Валют-Транзит банкке» тиесілі болғанымен, ақша «Банк Тұран Әлем» АҚ-нікі екен. 22 млн теңгеден астам ақшаны Қордайдағы бөлімшеден алған, 10 млн теңгеден астамын Шудағы бөлімшеден  әкеле жатқан. Валюттранзиттік көлік өзге де банктерге қызмет көрсетіп жүрген. Әрине, жоғалған ақшаға жауапты тарап сол кезде орнына қойып беруге мәжбүр болған.

Мұнша қатігез шабуылды кім ұйымдастыруы мүмкін? Із кесушілер түрлі болжамдарды қарастырды. Басқа жақтан келген бандиттер ме? Әлде «сақалдылар» ма? Бір нәрсе айқын еді, шабуылды кім жасаса да банк қызметкерлерінің арасында сыбайласы болған. Өйткені олар көлік бағытын, әкеле жатқан соманың көлемін білген. Полиция банк қызметкерлерінің өмірбаянын көтеріп, тексере бастайды. Міне, осы кезде оққа ұшқан инкассатор Жұмабек Ахметовке қатысты кейбір дерек «су бетіне» шыға келеді. Оның жас кезінде қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, Маратенок – Марат Әбдуіләнің тобында жүргені анықталған. Жіптің бір ұшы шыққандай болды. Бұдан әрі Әбдуәлінің өзін бақылауды қолға алған. Алайда Әбдуәлі мен оның тобының мүшелері «бетегеден биік, жусаннан аласа» бола қалады. Бәрі тәртіпті. Бір-бірінің үйіне отбасымен қонаққа барып, түк болмағандай өмір сүріп жатады. Тергеу тобы тағы да тығырыққа тірелгендей болды.

Қылмыс қалай жасалды?

Сол кезде тергеу тобының мүшесі болған, қазір Жамбыл облыстық ПД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров былай деп еске алады: «Әбдуәлі мен оның қоластындағылар бақылауда жүргенін байқап қалды. Марат Әбдуәлінің жүйкесі сыр бере бастады. Адвокатқа барып, кеңес алып жүрді. «Мысық-тышқан» ойнаудан жалыққан соң Әбдуәлінің сыбайластарын біртіндеп әңгімеге тарта бастадық. Міне, осы кезде сыбайластарының бірінің жүйкесі шыдамады. Ол Маретеноктің кластасы – Нұрбек Кенжебаев еді».

Кенжебаев сол күні шопырдың рөлін атқарыпты. Өзінің айтуынша, аса ауыр қылмыстың еріксіз куәсі болған. 19 шілдеден 20 шілдеге ауған түні  оған Әбдуәлі телефон соғып, таңертең досы Мұхтар Қонысбаевпен бірге бір шаруалар бойынша көлігімен қаланың сыртына шығып келуді сұраған. Ол шаруа инкассатор көлігін аңду екен. Таңертең Тараздан шыққан инкассатор көлігінің соңынан қалмай жүріп отырған. Шуға жақындаған кезде оларға тағы бір көлікпен Марат Әбдуәлі мен Бауыржан Өтебаев қосылады. Осылайша екі көлікпен соңынан қалмай жүріп отырған. Инкассатор көлігі Шу мен Меркенің орта тұсына жақындағанда жол жиегіне тоқтайды. Не үшін тоқтағанын кейін тергеу анықтады. Жұмабек Ахметов «қуығым жарылатын болды» деп, жүргізушіге тоқтауды сұрайды. Көлік жол жиегіне тоқтаған сәтте Ахметов рөлде отырған Виктор Баклагиннің желке тұсынан атып жібереді. Одан кейін тағы бір әріптесі Ерлан Бақбергеновті атады. Осы кезде екі көлікпен Марат Әбдуәлі келіп жетеді. Бандиттер қаптағы ақшаны өз көліктеріне салып алады да, Маратенок инкассаторлық «Ниваның» рөліне отырып, Ахметовті бірге ертіп, Шуға қарай бұрылады. Тағы біраз жүрген соң тас жолдан түсіп, қамыстың арасына кіреді. Тағы біршама уақытта сыбайластары Маратеноктің жалғыз өзі кері қайтып келе жатқанын көреді. Ахметов жоқ. Бұл – куәгер қалдырмауды ойлаған Әбдуәлі өзінің досын атып тастап келе жатқан кезі еді. Басы артық сұрақ қоймаған сыбайластар үн-түнсіз Таразға қарай бет алады.

М.Әбдуәліге берілген аңшы мылтығының құжаты (Қылмыстық іс материалы)

Таразға кірген соң бәрі Мараттың үйіне барып, киім ауыстырады. Қолғап, киім бәрін пакетке салып, Тектұрмас тауына апарып өртеп жібереді. Әбдуәлінің сөзін екі етуге ешкімнің дәті жетпейтін. Ол сыбайластарын «ақшаны сенімді жерге жасыратынын» айтып, көндіреді. Сондай-ақ алғашқы уақытта сыбайластарын ақша жұмсамауға көндіреді. Еш жерде жұмыс істемейтін жастар қымбат дүние сатып алса, бірден күдікке ілігуі мүмкін ғой.

Қылмыскерлер қанша сақтанса да, бәрібір ұрымтал тұс табылды. Алдымен Нұрбек Кенжебаев, кінәсін мойындады, одан кейін қалғандары «сынды».

32 миллион теңге қайда?

2007 жылы Марат Әбдуәлі 25 жылға, Өтебаев пен Қонысбаев 22 жылға сотталды. Тергеуге көмектескені үшін ғана Кенжебаев бір жыл жалпы режимдегі түрмеде отырды.

Міне, осылайша Маратенок инкассаторлық көлікті тонағаны және адам өлтіргені үшін өмірлік жазаға пара-пар жаза арқалады. Ол өзі мінсіз санаған жоспары бәрібір қирап қалды. Алайда ұрланған 32 млн теңге сол күйі табылмады.

Бір нәрсені ескерген жөн, Әбдуәлі сотталған соң екі жылдан кейін ағайынды Қырықбаевтармен бірге түрмеден қашпақ болғанда тергеу изоляторы әкімдігіне 200 мың доллар параны Маратенок берді ме деген күдік бар. Нақақ төгілген қан бәрібір жібермейді. Үш бірдей адамның қаны бар ақша оның өзін де ақыры жалмап тынды.

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан.

Тегтер: